«7-20-25»: Бағдарлама өзгеріссіз, ал үйдің бағасы…

463

0

Фото: ашық дереккөз

Бүгінде баспаналы болудың бірнеше мемлекеттік бағдарламасы бар. Қалтаңызға қолайлысын немесе мүмкіндігіңізге қарай таңдау құқы өз еркіңізде. Осыдан бес жыл бұрын әр отбасы үшін баспана сатып алудың тиімді жолы – «7-20-25» бағдарламасы шыққан болатын.

Осы уақытқа дейін 65554 ел тұрғыны бұл бағдарлама арқылы үй алды. Биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «7-20-25» қайта жалғасатын болды. Оның талабы мен шарттарында ешқандай өзгеріс жоқ. Алайда бес жылдан бері инфлияцияның қай шамаға барғанын бағамдай беріңіз.

Ұлттық банктің облыстағы филиалы мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы еліміз бойынша 34 197 өтінім қабылданса, оның  13 337-сі мақұлданған. Ал өңірде 238 адам бағдарламаға қатысуға ниет етсе, оның 67-не оң нәтиже берілген. Өткен жылы елімізде бағдарламаға өтінім бергендер бірнеше есе өскен. Мәселен, елімізде 355 038 өтінім қабылданса, оның небәрі 28930-ы мақұлданған. Облыста  2258 өтінімнің тек 77-не берілген.

Бағдарлама шыққанда 2018-2022 жылдарға 1 триллион теңге бөлінген еді.  Ал биылға 100 млрд теңге жоспарланып отыр. Жыл сайынғы кредиттеудің нақты көлемі банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленеді. Берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері бұрынғысынша қалады.

«7-20-25» бағдарламасы дәл қазіргі уақытта көп отбасы үшін тиімді болып тұр. Өйткені, пайызы төмен бағдарламаның бірден бірі. Оның операторы – «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ болып белгіленген. Тұрғын үй заемы ұлттық валютамен беріледі және оған баспанасы жоқ кез келген қазақстандық  қатысуға құқылы. Алғашқы төлем мөлшері тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде анықталады. Бұл әр қала тұрғындары үшін түрлі сомада бекітілген. Мәселен, Астана, Алматы (қала маңындағы аудандарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларына 25 млн, Қарағанды қаласы үшін  20 млн және басқа өңірлер үшін  15 млн теңге беріледі. Қарызды жабу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылған. Қарыз алушыдан ешқандай комиссия ұсталмайды. Сондай-ақ, кепілзат пен қарыз алушының өмірін сақтандыру міндетті емес, сақтандыру қажет болса, барлық шығындарды несие берген банк көтереді.

Үй алушыға қойылатын бірнеше талаптар бар. Жеңілдетілген төмен пайызбен несие беру арқылы азаматтарды көбірек қамту үшін бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралған. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Екіншіден атыңызда үй болмауы керек. Сондай-ақ, тұрақты расталған кірістің болуы талап етіледі. Бұған дейін ипотекалық кредиттердің болмауы да назарға алынады. «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде қарыз алғысы келетіндер ынтымақтастық туралы келісімдері бар «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ-мен серіктес банктерге жүгіне алады. Олардың қатарында  «Банк ЦентрКредит» , «Қазақстан Халық Банкі» , «Еуразиялық банк»,  «АТФ Банк», «Jýsan Bank»,  «Bank RBK», «Forte Bank», «Altyn bank» АҚ бар.

Бағдарламаның биыл да жалғасатынын естіген қала тұрғыны Гүлмира Ыдырысова құжаттарды реттеп өтінім беруге ынталы екенін айтады.

– Біз секілді шағын отбасыға ыңғайлы бағдарлама. Бірақ, бұл бес жыл бұрынғы бекітілген лимитпен әлі тұр. Мәселен, біздің өңірде 15 миллионға үй табу қазір қиын. Екі бөлмелі пәтер алуға болатын шығар. Үйдің бағасы аспандап кетті. Осы жағына көңіл бөлінсе жақсы болар еді, – дейді ол.

Расымен бес жылда инфляция бірнеше есе артты. Бірақ бағдарлама бойынша бекітілген сома өзгеріссіз қалуда. Пәтер жалдап біреуге ақша бергенше, өзінің атына рәсімделген үйдің несиесін төлеуді жөн санайтындар жетерлік. Уақыт өте келе бұл да аты бар, заты жоқ бағдарлама болып қалуы мүмкін деген пікірлер де айтылуда. Экономист Дәулет Мұқаевтың айтуынша, үйдің бағасы алдағы уақытта өсе береді. Кейін бұл бағдарлама қазіргі 4 пайыздық автокөлік несиесі секілді бөлінген лимит аз уақытта бітіп қалады. Сондықтан нарықтағы бағаға сәйкес, оған бөлінетін лимитті де көтерген жөн деп санайды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<