Жарылғыш заттардан жапа шекпеңіз

1143

0

Жаңа жылға қызу дайындықты бастап кеткен боларсыз. Балаларға сыйлықтар, тіпті отшашуларды да арнайы сатып алып жүрсіз бе? Жаңа жыл кешінде жарқ-жұрқ етіп көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын отшашулардың қауіпі барын да ұмытпауымыз керек.«Отшашудың салдарынан көз жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар. Балалар оны қолдану ережесін сақтамай, өміріне қауіп төндіріп алмасын. Саудагерлер лицензиясыз, сатуға тыйым салынған пиротехниканы заңсыз сатып отырған болуы мүмкін. Сақтық керек. Бұл туралы Қазалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі дайындаған жадынаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары:

– пиротехникалық өнімдерді сатуға лицензиясы жоқ сатушылардан пиротехникалық бұйымдарды сатып алмаңыз;

– Пиротехниканы дауылды, желді ауа райында қолдануға тыйым салынады;
– Кәмелетке толмаған азаматтар отшашуды тек ересектермен бірге тұтатып, тамашалауы қажет;

– Тамашалайтын адамдар қауіпті аймақтан алыста, шамамен 30-50 метр қашықтықта тұруы қажет;- Пиротехниканы ұруға, оттың жалынына қол тосуға болмайды;

– Пиротехниканы шылым шегіп тұрып қолдануға тыйым салынады;

– Пиротехниканы алкогольді мас күйде тұтатуға болмайды;

– Егер отшашу бірден тұтанбаса, оған бірден жақындауға болмайды. Кемінде бір минут күту қажет (тұтанбай қалған отшашуды қайта жағуға болмайды);

– Отшашуларды салқын әрі құрғақ жерде сақтау керек (ылғалданып қалған жағдайда оны фен не басқа да жылыту құрылғыларымен құрғатуға тыйым салынады);

– пиротехникалық бұйымдарды арнайы лицензиясыз сатуға тыйым салынады.

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<