Аудан жаңалықтары

392

0

Әдеби автобус

Қызылорда. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күніне орай «Өркениетке кітаппен» атты әдеби автобус шарасын өткізді.

Іс-шара барысында №1 бағыттағы автобус жолаушылары кітап туралы өлең-жырлармен сусындады. Сондай-ақ, жүргізушілермен викториналық ойын жүргізіліп, қызықты сұрақтарға жауап берген оқырмандар түрлі сыйлықтарға ие болды.

Қор өкілдерімен кездесті

Арал. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыратын америкалық «USAID» қорының өкілдерімен кездесіп, сапарларына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде қор өкілдері теңіз ұлтанына сексеуіл отырғызу, теңізді қытай ауларынан, пластикалық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізетінін айтты. Сонымен қатар, қалбырлар мен пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін цех салу жоспарын бөлісті.

Медициналық бекет ашылды

Қазалы. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Жұбан елді мекенінде жаңа медициналық бекет ашылды.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов қатысты. Жаңа медициналық бекет Жұбан ауылында тұратын 8 отбасы мен жақын маңдағы Сағыр, Қазанғап елді мекендерінің 200-ге жуық тұрғынына дәрігерлік көмек көрсетеді.

Атыс қаруын сатып алу акциясы

Қармақшы. Аудандық полиция бөлімі азаматтардың тапсырған атыс қарулар, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілердің техникалық жай-күйі, оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөнінде комиссия құрылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, азаматтарды заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді полиция бөлімдеріне өткізіп, қылмыстың алдын алуға үлес қосуға шақырды.Айта кетейік, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес ел аумағында заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция басталды.

Төмен бағалар дүкені ашылды

Жалағаш. Аудан орталығында «Светофор» төмен бағалар дүкені ашылды.

Дүкен негізінен жергілікті тауар өндірушілері мен Ресейде шығарылған өнімдерді басқа сауда орындарына қарағанда 12-18 процент төмен бағамен сатады. Айта кетейік, нысанда жаңадан 11 жұмыс орнын ашылып, аудан азаматтарын жұмыспен қамтуда.

Аяқсу жолдары қайта қазылуда

Сырдария. Тереңөзек кентіндегі аяқсу жолдарын қайта қазу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күнге кенттегі Жеңістің 50 жылдығы, Мұратбаев, Тәжібаев, Құттыбаев және басқа да 14 көшеде аяқсу жолдары қазылды. 20 сәуірден бастап аяқсу насостары іске қосылды. Сонымен қатар, Б.Момышұлы, А.Тоқмағамбетов, Қызылдиқан көшелеріне жаңадан электр насостарын қою жоспарлануда.

Ескерткіштер – ел мұрасы

Шиелі. Аудандық Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінде «Ескерткіштер – адамзат әлемінің айнасы» атты шара өтті.

Жиынның басты мақсаты – оқушыларға киелі орындар мен тарихи маңызы бар ескерткіштер туралы мәлімет беру. Сондай-ақ келушілер Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейіндегі құнды дүниелермен танысып, көптеген пайдалы ақпараттармен сусындады.

Түнгі рейд жүргізілді

Жаңақорған. Аудандық Жастар ресурстық орталығы кеңесшісі М.Құлмырзаев, жастар ісі жөніндегі мамандары және аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары қатысуымен рейдтік жұмыстар жүргізілді.

Рейд барысында жастар көп жиналатын компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керегі ескертілді.  Сонымен қатар үй-жайынан тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдерге ескерту жасалынып, үйлеріне қайтарылды.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<