Әдеби-композициялық кеш өтті

1371

0

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде қазақтың даңқты батыры, Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаруын қаламға ауыстырған әйгілі партизан Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толуына байланысты әдеби-композициялық кеш өтті.

Кешке Қазалы қалалық әкімшілігі, мәдениет саласының қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының жастары, аграрлы – техникалық колледжінің мұғалімдері мен студенттері, №16 мектеп-лицей оқушылары қатысты.

Колледж фоесінде «Ұлы жеңіс-ел мен ердің жеңісі» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылып, кеш қонақтарына экскурсия жүргізілді.

Іс-шарада аты аңызға айналған тұлға, ержүрек батыр Қасым Қайсеновтің өмір жолы, Ұлы Отан соғысы жылдары жаудың қоршауында қалып, Украина жеріне жіберілгені, партизан отрядында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткені, ал соғыстан кейінгі жылдары да жауапты қызметте болғаны туралы бейнероликтер көрсетіліп, студенттер мен оқушылар назарына ұсынылды. Шараны Қазалы қалалық әкім аппаратының бас маманы О. Алдоңғар ашып, колледж студенті Е. Ерасыл «Егемен Қазақстан» әнін шырқады.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г. Ертасова Қасым Қайсеновтың партизандық өмір жолын, қаламгерлік келбетін айта отырып, оның шығармалары төңірегінде өз пікірін ортаға салды.

Музей қызметкері Ә. Сералы батыр атамыз туралы жазылған белгілі ақын Исрайл Сапарбайдың «Дарагөй» өлеңін мәнерлеп оқыды. Қазалы қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Т. Мырзалиева, М. Горький атындағы мектеп- лицейдің мұғалімі Г. Жауғашарова кеш қонақтарына батырдың шығармашылығы жайлы ақпарат берді. М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің оқушылары Қасым Қайсеновтің «Жас партизандар» повесіне шолу жасады.

Шараны қорытындылау үшін Қазалы қалалық жастар ресурстық орталығының директоры А. Масаков сөз сөйлеп, кеш қонақтарына ізгі тілектерін білдірді.

Кеш соңында шараға қатысқан қонақтармен бірге «Бейбіт күн тілегі» атты ән караокеде шырқалып, шара әдемі нотада аяқталды.

Жұлдыз Ерболқызы,

Ғани Мұратбаевтың

мемориалдық музейінің

қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<