Ән шырқалып, жыр толқыған әсерлі жиын

2651

0

Қала күніне арналған мереке аясында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап ғылыми кітапханасында «Kitap-timе» жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.

Кітап оқуды насихаттау арқылы қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын қалыптастыру, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында өткізілген мәдени-көпшілік жиын қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Фестивальға қатысушыларды  облыстық кітапхана басшысы Нұрлыбек Мыңжас  құттықтап, осынау рухани орталықта жыл бойы білім мен таным, әдебиет пен өнер, жалпы шығармашылықты қолдау бағытында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Соның көрінісі – кітап фестивалі  қатысушыларына сан түрлі мазмұндағы қызықты бағдарламалар ұсынылды.

Айталық, «Жас ақындар жырлайды» поэзия алаңында кітапхана жанынан құрылған  «Жауқазын-ғұмыр» шығармашылық клубының мүшелері, жас оқырмандар Сыр бойы ақындары – М.Әміреев, Ә.Рахымбекұлы, Р.Наурызбаева, Р.Бақбергенова сынды белгілі ақындардың туған жерге арнаған «Қызылорда», «Аяулы мекенім», «Туған қала туралы жыр», «Сырдария – Жырдария», «Жаса, жайна Қызылорда!», «Қала көркі», «Қызылорда, болдың қорған» атты  жырларын оқып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.

«Жазушылар алаңында» ҚР Білім беру ісінің үздігі, танымал ақын, сазгер Ділдахан Торғаева, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Несібелі Рахмет, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің арнаулы аға тілшісі Ғазиза Әбілда, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі, жас ақын Дина Бөкебай, «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Аслан Нұразғали оқырмандармен жүздесті. Қаламгерлер жаңа туындыларын оқып, шығармаға арқау болған қызықты оқиғалар жайлы әңгімеледі.

«Кітап оқы, көңілге тоқы» деп аталатын бөлімде Дубай, Түркия және Грузияда өткізілген Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, облыстық телеарнаның  «I бала» бағдарламасының жүргізушісі, жас талант Ержігіт Сармырзаев ән шырқап, көрермен қошеметіне бөленді. Ал «Ұшқыр ой алаңындағы» интеллектуалды ойынға әртүрлі жастағы оқырмандар қатысып, білімі мен қабілетін байқатты. Сондай-ақ, қатысушыларға «Сыр сандықтан» сұрақтар қойылды. Ойынға оқырмандар шынайы қызығушылық танытып,  белсенділік көрсетті. 

Қызылорда қаласының кешегі және бүгінгі келбеті, баянды болашағы жайлы «Туған жерім – Қызылорда» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Әртүрлі кітаптардан кітап инстоляциясы жасалды. Қала тұрғындарын сұлулық әлеміне тартуға, кітапхана  мен  оқырмандардың бірлескен шығармашылық жұмысының мүмкіндігін кеңейтуге  арналған фотоаймақ  ұйымдастырылып, ұмытылмас кадрлар, жарқын фотосуреттер жасалды. Бұдан бөлек, «Арт-алаңда» үйірменің жас суретшілері өз ойларын ақ қағазға бояу арқылы түсірсе, домбыра үйірмесінің қатысушылары қазақ  композиторларының шығармаларын орындады.

Жалпы республикалық кітап фестиваліне қатысқан оқырмандар жақсы әсер алғандарын айтып, кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<