Көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды

530

0

Өңірде цифрлық негіздегі жобалардың барлығы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы және «ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады.

Облыста 294 мемлекеттік мектеп «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Сәтті» байланыс операторларының арналары арқылы интернетке қосылған.

Білім беру ұйымдарында «BilimLand» цифрлы білім беру контентінің «Онлайн мектеп» платформасы бойынша 42 пәннен 5700 сабақ пен 140 мыңнан астам тапсырма қолжетімді. Сонымен қатар, қағазбастылықтан арылу және білім беру сапасын арттыру мақсатында барлық мектеп «Күнделік» электронды журналымен жұмыс істейді.

Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін арттыру және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы, облыс бойынша 294 мемлекеттік мектеп 100% бейнебақылау камераларымен қамтылған.

Бүгінде аудандық деңгейдегі барлық медициналық ұйымдар компьютермен 100%, интернетпен  93,2% қамтылған.

Медициналық ұйымдар «Даму-мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді. Аймақ тұрғындарына электронды денсаулық паспорты толтырылып, медициналық тіркеу, дәрігердің тағайындауы электронды түрде 47%-ға жүзеге асуда.

Облыста 15, оның ішінде 8 аудандық, бір қалалық және 6 облыстық медициналық ұйымда телемедицина құралдарының кешені орнатылған.

Зерттеу нәтижелері ұзақ сақтауды қажет етеді. Осыған орай 2020 жылы «DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 13 медициналық ұйымға енгізілді. Бұл медициналық мекеме бөлімшелерін пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін бірыңғай ортаға біріктіруге мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында облыс бойынша күнделікті жедел мониторинг және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері Nomad платформасында талданады. Nomad ақпараттық–талдамалық платформасында 30-дан астам күнделікті-жедел мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық бағыт бойынша 53 көрсеткіш, азық-түлік өнімдері бағаларының мониторингі және күнделікті «Құқық бұзушылық картасы» деректер қорын толтыру сондай-ақ, талдау жүзеге асады. Алдағы уақытта «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасымен, «112 – бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет» және «109-Бірыңғай байланыс орталығы» автоматтандырылған жүйелері байланыстырлымақ. «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» жобасы 2020 жылы енгізілді. Қазір 1:2000 масштабта облыстың бірыңғай картографиясы әзірленді. Бас жоспар, жоспарлау жобасы, ғимараттар, құрылыстар, жол желісі 100% құрылды және ақпаратпен толтырылды. Бұл жұмыстар https://orda.geoportal.kz мекен-жайында қолжетімді.

 Өңірлік IT парк 2018 жылы облыстың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамыту және өңірдің талантты жастарын қолдау үшін құрылды. Қазіргі таңда IT парк орталығы 8 резидентпен бірлесіп жұмыс істейді.

Жыл басынан бері орталықтың резиденттері, яғни «GRAND master» бағдарламалау мектебі» ЖШС, «Qod Design», «ART Software», «ТТ Games», 10-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына тегін бағдарламалау курстарын өткізді. Сонымен қатар, биыл маусым айында Python бағдарламалау тілінен IT-мектеп-лицей мұғалімдеріне кәсіби дамыту курстары жүргізілді.

IT парктің құрал-жабдықтарына қызығушылық танытқан облыс жастарына өз идеяларын жүзеге асырып, қабілеттерін шыңдау үшін бейне-ойындар, 3D-модельдеу, VR-ойындары мен робот құрастыру тегін пайдалануға беріледі.

«I-ORDA» жобасы өткен жылы тәжірибе ретінде енгізілді. Бұл –цифрландыру саласында маңызды жобаның бірі. Жоба жер қатынастары, құрылыс және қала құрылысы қызметтерін автоматтандыруға арналған. Геопортал базасына І-Orda порталы орналастырылып, облыста табиғи монополиялар субъектілері арқылы көрсетілетін 74-ке жуық қызмет бойынша бизнес-процестер автоматтандырылды.  Қазіргі таңда ақпараттық жүйенің порталын құру толығымен аяқталып, жарнамалау кезеңі жүргізілуде. Өңірлік геоақпараттық жүйеде облысқа қарасты 9 мемлекеттік медициналық ұйымның «Медициналық куәландырудың электрондық жүйесі» енгізілді. Сондай-ақ, 20 стационарлық «Арқан» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Бүгінде оның 18 -і жұмыс жасап тұр. Мемлекеттік органдардың бұлтты құжат айналымына көшуі жұмыстары да атқарылды. Бүгінде бұл айналымға 308 жергілікті атқарушы орган, 3554 пайдаланушы қосылған.

 «112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» жобасы қала бойынша 101, 102, 112 шұғыл қызметтердің қоңырауларын қабылдайды және тіркейді. «Көмек-112» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде процестерді жүргізеді, жауапты жедел қызметтерге жібереді және олардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылайды.  

Биыл қаңтар айынан бастап жедел жәрдем қызметі басқа жүйеге ауысып, 103 жедел жәрдем желісі мен «komek – 112» жүйесі арасында өзара байланыс қарастырылмағандықтан барлық шақыртулар қолмен өңделіп, жедел жәрдем қызметіне ұсынылуда.

9 ай ішінде 112 бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметіне жалпы саны 100 991 қоңырау келіп түскен. Оның ішінде: өрт сөндіру бойынша (101) 1621, құқық қорғау сипатындағы мәселелер бойынша (102) 90926, төтенше жағдайлар желісі бойынша (112) 368 қоңырау түсті. 112 желісінде жедел жәрдем қызметі бойынша 8076 қоңырау өңделді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<