Аға буын – сабақтастықтың алтын арқауы

751

0

«Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті ІІ пленумы өтті. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов және басқарма басшылары мен ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Облыстық ардагерлер кеңесінің өткен жылғы атқарған жұмыстары мен алға қойған міндеттері, ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Пленумды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жүргізді.

Облыс әкімі аппаратының басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына тоқталды. Сондай-ақ  Қызылорда қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны, жастар тәрбиесі саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы өз баяндамасында жастар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғам болып атсалысу керектігін баса айтты. «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі» жұмысын жандандыра түсудегі ойын ортаға салды.

Пленум соңында алқа мүшесі қатарынан шыққандардың орны жаңадан толықты. Сондай-ақ облыстық ардагерлер қозғалысына 35 жыл толуына орай белсенді ардагерлерге құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ұлмекен Жанәлиеваны, Жаңақорған аудандық ардагерлер кеңесі төраға орынбасары Пахмаддин Айнақожаевты «Қызылорда облысының құрметті ардагері» медалімен марапаттады. Облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасымен» республикаға және Сыр өңіріне белгілі қаламгер, «Сыр бойы» газетінің ардагері Нұрмахан Елтай марапатталды.

К.ЕРІМБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<