Айдынды өңірдегі айшықты қала

495

0

Ғасырға жуық тарихында Арал теңіздің тартылуы, экологиялық апат, басқа да ауыртпалықтарға төтеп бере алды. «Алтықұдық» деп аталған кішкене қыстақ Кеңес өкіметі орнағаннан соң жұмысшы поселкесіне, кейін қалаға айналды. Бұл өңірге темір жол тартылып, тіршілік жанданған айрықша кезең болатын. Оған теңіздің атымен аттас қылып Арал деген айрықша есім тағылып, 1927 жылы құжат жүзінде Арал қаласы ретінде тарих бедеріне енді.
1925 жылы ауданда ірі балық аулау тресі құрылып, 1927 жылы аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбаевтың шығарған бұйрығы негізінде 1 қазаннан бастап халық көп шоғырланған осы өлкеге Арал қаласы деген айрықша статус беріледі. Ірі балықшылар одақтары ұйымдастырылып, өнеркәсіптік балық аулаудың негізі қаланды. Қаһарлы 25-ші жылы Арал балықшылары аштыққа ұшыраған Еділ мен Жайық өңіріне 14 вагон балық жөнелткен ерлігі тарихтан белгілі.


Арал – аймағымызда Қызылордадан кейінгі қала статусына ие болған қала. Басқа аудан орталықтары кент ретінде тіркелген. Кейіннен 1927 жылы Қазалы уезі таратылған соң 1928 жылдан бастап Арал ауданы құрылды.
Аралдың тарихы Арал теңізі мен оның маңын мекендеген халықтың тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Кең байтақ Қазақстанның тұран ойпатынан ойып тұрып орын алған Аралдың еліміз үшін, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда әлем үшін де маңызы ерекше екені баршаға мәлім. Өз топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Аралды бүгінде бүкіл әлем танып, ерекше назар аударуы да соның айғағы.


Дерек көздеріне сүйенсек, Арал – негізінен өндірісті аудан. Бұл ретте байлығы 1900 жылдан бері қарай халық кәдесіне жараған Аралтұз комбинаты ауданның мақтанышы. Кеңес Одағы кезінде жылына 600-650 мың тоннаға дейін тұз өндіріп, одақтың 50 қаласына өз өнімін жөнелткен.


Кейін әуелгiде қазақтың бағы болған ақ айдынның қасіретті тағдыры басталды. Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналасқан Арал теңізі бір кездері көлемі бойынша жер бетіндегі 4-ші теңіз саналған. Теңізге дариядан құйылатын суды егін суару жұмысына пайдалана бастағандықтан, 1960 жылдан 2004 жылға дейінгі кезеңде теңіз суының беткі деңгейі 70 пайызға дейін азайып, тереңдігі шамамен 20 метрге дейін қысқарды. Теңіздің құрғауы айтарлықтай экономикалық және экологиялық шығынға ұшырап, сонымен қатар, тіршілік көзі ретінде санап келген халыққа ауыртпалық алып келді.


60-жылдары теңіз құрғай бастады. Жыл сайын теңіз 10 шақырымға дейін тартылып, балық азайды. Порт жабылып, кеме жөндеу зауыты мен балық зауыты жұмысын тоқтатты. Жұмыссыздық салдарынан халық басқа аймақтарға қоныс аудара бастады. Бұл жағдай жарты ғасырға жуық уақытқа созылды.


Арал мәселесi тоқсаныншы жылдардан бастап көтерiле бастады. Осы кезге дейiн теңiздiң төрттен үшi тартылып кеткен. Арал тек Қазақстанның емес, барша Еуразия континентiнiң бас ауруы екенiн еске салды. Құрғаған теңiз табанынан көтерiлген тұз Еуразия құрлығын айналып ұшып жүр. Бiр жылдары баспасөз беттерi Аралдың тұзды шаңы Антарктидаға жетiп қалды деп дабыл көтерген болатын. Арал теңiзiнiң экологиялық ахуалы әлем назарын да өзiне аударды.


Тек 2005 жылы ғана «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасын жүзеге асырумен Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал қайта тола бастады. Сумен бірге балық қайта оралып, оны өндіру көлемі артты.
Қазіргі таңда аралдықтар Ресей, Грузия, Нидерланды елдеріне 2 мың тоннаға жуық балық экспорттауда. Балық өңдейтін 9 зауыттың 2-інде еурокод бар. Экспорттық әлеует артқан сайын шикізат базасы да ұлғаюда. Жергілікті балық питомниктері жыл сайын су қоймаларына 15 миллионға дейін шабақ жібереді.


Бүгінде тәуелсіздікпен бірге түлеген аудан өмірінің әр саласында дерлік айтулы жетістіктер бар. Ауданда тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, білім беру нысандары салынуда. Өткен жылы ауданның 50 мектебін бітірген түлектердің 99 пайызы мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Кейінгі 10 жылда ауданда 23 жаңа мектеп салынды.


Қазіргі таңда Арал қаласы негізінен ірілі-ұсақты 4 балық өңдеу зауыты және қосымша мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындары бар қала. Халқының саны 35 мыңдай. Қаланың қақ ортасынан темір жол желісі өтсе, шығыс беткейін жанамалай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі өтіп жатыр.


Ғасырға жуық уақыт ішінде Арал қаласы көптеген тарихи шешімдердің куәсі болып, келелі басқосулардың орталығына айналды. Көркейді, дамыды. Енді міне, өңірдегі сәні келіскен шаһарға айналып отыр. Қайнаған қызу тірліктің ошағына айналған Арал көптеген шетелдік туристердің қызығушылығын оятқан тарихи қала деуге болады. Қала бүгінге дейін мейлінше ажарланып, айдынды өңірдегі айшықты қала деген абыройлы атқа ие болып келеді.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<