«Анаға тағзым» аллеясы ашылды

998

0

Шиелі ауданы Майлытоғай ауылының кіреберісіндегі көше қиылысынан «Анаға тағзым» аллеясы ашылды. Жан жадыратар жаңалық ауыл тұрғындарына айрықша қуаныш сыйлады. Бұл игі бастаманың мән-мағынасы – өмірге ұрпақ әкеліп, әрбір шаңырақтың босағасын берік ұстаған, ер азаматына өмірлік серік, сәбиіне мейірбан ана, жалпы ұлттық тәрбие мен отбасы құндылығының ұйытқысы болған бүкіл қазақ аналарына тағзым ету.

Аллеяны осы ауылдың түлегі, білікті дәрігер, танымал кәсіпкер Дүйсенкүл Тәжікова өз қаражаты есебінен салғызды. Жаңа нысанның ашылуына аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысты.

– Адам баласының бойындағы барлық жақсы қасиет ата тегінен, ана сүтімен дариды. Сондықтан әр баласын ақ сүт беріп, әлпештеп өсірген,  тал бойына тәлім-тәрбие дарытып, жан жылуына бөлеген ананың орны әркез биікте. Бүгінгі «Анаға тағзым» аллеясының ашылуына осынау асыл аналарымыздың өнегелі өмірі себеп болды.

Ұлтымыздың арғы-бергі шежіресінде еріне адал жар, баласына ардақты ана, отбасына ұйытқы, сондай-ақ, қилы кезеңде елге еге, ұлтқа ұран болған Бегім сұлу, Қарашаш, Айғаным, Зере, Домалақ ана сынды ақылы асқан аналар баршылық. Сол текті аналардың жалғасы, Шиелі топырағынан шыққан Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова, Айша Меңдібаева сияқты еңбек даңқына бөленген асыл аналарымыздың есімін ел-жұрт ерекше құрмет тұтады. Сондықтан осынау ашылған аллея жас ұрпақтың жүрегіне анаға деген құрмет пен тағзым ұялатары сөзсіз, – деді Н.Ахатов.

Педагогика ғылымдарының кандидаты, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әлима Әбдіхалықова құттықтау сөзінде ел тарихындағы қайраткер қазақ әйелдерінің ізін жалғап, халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан дәрігер, меценат Дүйсенкүл Тәжікованың еңбегін ерекше атап өтіп, облыстық әйелдер кеңесі атынан берілген «Алғыс хатты» табыстады. Ал Қорқыт ата университетінің профессоры Айман Айтбаева отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесінің жауапкершілігін арқалай жүріп, елге еткен қызметімен  абыройға бөленген қазақ аналардың болмысына биік баға берді. Осы орайда өз кәсібін терең меңгеріп, оның аясында ел игілігіне арналған жобаларға аянбай үлес қосып жүрген Дүйсенкүл Еркінбайқызына ұлттық дәстүрге сай қамзол-орамал жауып, сый-сыяпат тарту етті.

«Анаға тағзым» аллеясының ашылу рәсімінде аудан әкімі Н.Ахатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, зиялы қауым өкілдері Дүйсенкүл Тәжіковаға алғыс білдіріп, еңбегіне лайық құрмет көрсетті.

– Кезінде он-он бес баланы дүниеге әкеліп, бір шаңырақты бір қауым елге айналдырған асыл аналарымыз осынша еңбегінің өтеуіне ештеңе сұрамай, тек ұрпағының өсіп-өнгеніне қуанатын. Шындығында, олар отбасында отырып-ақ, қоғамға, елге қызмет ететін қаншама ұрпақты тәрбиеледі. Одан бөлек, еңбек майданының бел ортасында жүрген аналарымыздың қоғамдағы орны әркез жоғары.

Түсінген адамға «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген сөздің мәні тым тереңде жатыр. Бүгінгі іске асырған жобамыз – соның бір ғана көрінісі, – дейді Дүйсенкүл Еркінбайқызы.

Шиелінің тумасы, белгілі айтыскер ақын Кенжебай Жүсіптің арнау жырынан бастау алған  салтанатты жиын ауыл өнерпаздарының ән-күйіне, мектеп оқушылары оқыған ана туралы өлең шумақтарына ұласты. Сондай-ақ, Тәжіковтер отбасы ән шашуын ұсынды. Айта кетейік, ана туралы әндерді жиынға қатысушылар қосыла шырқады. Іс-шараға келген арнайы меймандарға, ауыл тұрғындарына «Асан – Үсен ата» мешітінде ас берілді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<