«Ақ боз үй» көркем фильмі Жаңақорғанда түсіріледі

964

0

Көзі қарақты оқырманға «Ойсыл-Қара» , «Саттар соқпағы», «На свете белом», «Жарық дүние», «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» романдары, «Қиямет-қайым ғасыры» ойтолғауы арқылы жақсы таныс, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Абатұлы Елубаев аптаның аяғында Жаңақорған жеріне келді. Жай келмеді, қаламгердің бұл сапары үлкен мақсатты жүзеге асыруға бағытталыпты.

Жазушы, драматург аудан әкімі Руслан Рүстемовтың қабылдауында болып, шығар­ма­шылық тұрғыда өзара пікір алысты. Алдағы атқарылар жоспарларымен бөлісті. Оның ішінде ең ауқымдысы Жаңа­қорған жерінде «Ақ боз үй» романы желісімен көркем фильм түсіру екен. Фильмнің сюжетіне ауданның киелі жерлері, әсем табиғаты сәйкес келеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықты сақтап қалған қазақы ауданның тыныс-тір­шілігі де фильмге өздігінен сұранып тұр.

– Мынадай ауқымды істің біздің аудан көлемінде ат­қа­рылғаны, көркем фильм ауыл өмірін, ондағы халықты арқау еткені – әрине, қуанышты оқиға. Ендігі жерде біз өз тарапымыздан кино түсірушілерге қолдау көрсетуге тиіспіз, – деді аудан басшысы.

Бұған дейін 12 көркем фи­льмге сценарий жазған Смағұл Абатұлының «Сұра­пыл Сұржекей», «Аңшы бала» фильм­дері кинофестиваль жүл­десіне ие болғанын білеміз. Ал, «Ақ боз үйдің» мәнісі бөлек. Ол кешегі ашаршылық уақыттағы ауыр кезеңді суреттейді. Автор мен картина директоры және режиссер Қызылқұм беттің шағыл құмын аралап, ыңғайлы орындарды белгілеп жатыр.

Қаныбек Әбдуов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<