Ақсуатта 90 орындық балабақша ашылды

892

0

Қазалы ауданының Ақсуат ауылында 90 орындық «Балауса» бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілді. Жаңа балабақшаның ашылу салтанатына Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда Қазалы ауданы қарқынды құрылыс алаңына айналған. Соңғы 2 жылдың өзінде көптеген нысандар салынып, пайдалануға берілді. Оның ең ірісі ретінде Сырдария өзенінде «Әлсейіт» темір-бетон көпірін, Әйтеке би кентіндегі 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын айтсақ болады. Бұған дейін Ақсуат ауылының өзінен әлеуметтік маңызы бар 2 бірдей нысанның құрылысы басталған болатын. Бүгін міне соның бірі 90 орындық «Балауса» бөбекжай балабақшасы пайдалануға берілуде, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмады.

– Ақсуат ауылы мемлекет қамқорлығынан шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, біздің ауылда өткен жылы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, орталық саябақ салынған болатын.

Міне, бүгін де біз үшін ерекше күн болып тұр. Бұған дейін балабақша салу туралы мәселе көтерген болатынбыз. Көп уақыт өтпей-ақ ауыл ішінен заманауи үлгідегі зәулім ғимарат салынып, бүлдіршіндердің жан-жақты тәрбие алуына мүмкіндік туып отыр. Немерелеріміз енді жаңа балабақшаға барады. Осындай балабақшалар көптеп ашыла берсін!

Биыл бізде тағы да қуанышты жаңалығымыз бар. Ауыл орталығынан мемлекеттік бағдарлама аясында 150 орындық клубтың құрылысы жүріп жатыр. Амандық болса ол да жақын күндері аяқталып, елдің игілігіне пайдалануға берілмекші, – Ақсуат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзаханов.

Айта кетейік, бұл балалар мекенінің салынуына бюджеттен 396,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Екі қабатты сәулетті ғимаратты «ОрионLTD» ЖШС салып шықты.

Балабақша 90 орынға арналған. Оның ішінде 2 топ 15 баладан, 3 топ 20 баладан орналасады. Оның аумағында негізгі ғимаратпен қатар, 5 топқа арнайы ойын алаңы бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<