Ақылы жолдар тарифі қымбаттайды – Көлік министрі

269

0

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еліміздегі ақылы жолдардың тарифі көтеріледі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

«Иә, биыл негізгі транзиттік дәліздер аяқталады. Оның ұзындығы – 2 091 шақырым. Сондықтан да ең біріншіден, тағы 1 800 шақырым жаңа учаскеде ақы алу жүйесі енгізіледі. Екінші – тарифті арттыру жағына қарай қарау. Иә, сөзсіз қарастыратын боламыз. Неліктен екенін түсіндірейін. Себебі, 2013 жылдан бері тариф 11 жыл бойы өзгерген жоқ. Өткен жылы 20 пайызға қымбаттады. Біздің тарифті көрші елмен салыстырсаңыздар, Қазақстанда – 1 теңге 20 тиын болса, Ресейде – 7 теңге. Сіздер салық төлеушілердің емес, «ҚазАвтоЖолдың» бюджеті есебінен болғанын қалайсыздар ғой. Онда бір ғана жолы бар, ол – ақылы жолдар тарифін көтеру», – деді министр Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Дегенмен, ол ақылы жолдар тарифі күрт қымбаттамайтындығын баса айтты.

«Сіздерге шегінің бірден еселенбейтіндігін айттым ғой. Жекелеген адамдар 2-3 есе көтерейік дейді. Мен бірден 2-3 есе болмайтындығын айттым. Дегенмен, пайызбен болады. Мамандарымыз жолды күтіп ұстау, қосымша 1 100 техника сатып алу үшін қанша қаражат керектігін есептейді. Әрине, мұның бәрін бірден ақы алуға қоспаймыз», – деді ол.

Сонымен қатар министр ақылы жолдар тарифі қашаннан бастап көтерілуі мүмкін екендігін айтты.

«Бұл мәселе заңға сәйкес 14 күн талқылауға шығарылатын НҚА порталына орналастырылады. Қоғаммен талқылаймыз. Талқылауды наурызда бастауды жоспарлап отырмыз», – деді Марат Қарабаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<