Арнайы комиссия жұмысын бастады

648

0

Сәрсенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жедел жиында мереке күндері ауа райының қолайсыздығынан орын алған электр жарығындағы ақаулардың себеп-салдарын анықтау және жою мақсатында комиссия құру тапсырылған болатын.

Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен жұмыс жасайтын комиссия құрамы жасақталып, оған облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы, «Қызылорда электр тарату компаниясының» ардагер қызметкерлері мен жауапты тұлғалары және «Қазақэкспертиза» ЖШС директоры енгізіліп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссия мүшелері Қызылорда қаласының бірқатар электр қуатымен қамту нысандарын аралап, жұмысын тексеріп, сараптан өткізуде.

Атап айтқанда, Тоқтыбаев көшесінің бойындағы ЦРП-3, Рысқұлов пен Ыдырысов көшелері қиылысындағы ТП-235, Алисов көшесіндегі №33-34 әуе желісі, «Мерей» шағын ауданындағы ГМЗ 35/10кВ қосалқы станциясына барып, жұмысына талдау жасады.

Бүгінгі күні өңірде электр желілері мен қосалқы станциялардың 70 пайызының тозығы жеткен. Комиссия тобы кезек күттірмейтін нысандарды белгілеп, «КЭТТК» АҚ мамандары зерттеу актісін дайындауда.

Комиссия тексеру жұмыстарын әлі де жалғастырады. Нәтижесімен, тиісті жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы қарастыру мәселесі пысықталып, алдағы бюджеттік комиссия отырысында қаралатын болады.

Айта кетейік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері облыс әкімінің тікелей бақылауында.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<