Жақында жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының автопаркі толыққан болатын. Жедел жәрдем автокөліктерін жаңарту бағдарламасы аясында облысқа 40 реанимобиль алынды. Оның 20-сы қалаға, 20-сы аудандарға бөлінді. Қазір жаңа көліктердің техникалық құжаты мен нөмірлері тағылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Сонымен бірге сақтандыру, келісім-шарт жасасу, мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес атқарылатын жұмыстар уақытылы жүргізілуде.
Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Алмат Құрманғалидің айтуынша, жаңа көліктердің құжатынан бөлек, ондағы медициналық құрал-жабдықтарды қабылдап алу, оқыту, үйрету жұмыстарына да біршама уақыт кеткен. Көліктегі медициналық құрылғылар заманауи әрі 3 есеге көп.
Жалпы, облыста жедел жәрдем автокөліктерінің саны жеткілікті. Бүгінде 10 мың халыққа бір шақыру тобы қызмет көрсетеді. Демек, бір шақыру тобына бір көліктен келеді.
Жаңа реанимобиль кілті облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Төретам бөлімдеріне үлестірілді. Одан бөлек 2 жылжымалы медициналық кешен Қармақшы, Жалағаш аудандық ауруханасына тапсырылып, халық игілігін көруде.
Облыс тұрғындарына жедел медициналық қызмет көрсететін 50 шақыру тобы бар. Оның 23-і қалада болса, 27-і аудандарда. Сонымен қатар қосымша қорда қалада – 10, ауданда 15 дана көлік бар.
Жаңа көліктер қолданысқа енгеннен кейін автокөліктер паркі 96 процентке жаңарады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!