Автонесие: кезек көп, көлік жоқ

750

0

Елімізде 4 процентпен несиеге 10 миллион теңгеден аспайтын бағаға көлік беру мамыр айында басталды. Бастапқы жарна 0-ден басталады. Несие 7 жылға дейін қаржыландырылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиеге 100 млрд теңге жұмсау жоспарлаған. Алайда бір ай өтпей жатып салондарда көлік жоқ.

Бағдарлама шарты бойынша, кез келген 10 миллион теңгеге дейін несие қарастырылған. Ал көлік 10 миллионнан қымбат болса, 1-2 миллионды өз қалтаңыздан төлеп, несие рәсімдеуге болады. Өте қымбат көліктерге жеңілдетілген автонесие берілмейді. Көлік құралының құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Екінші деңгейлі банк тұтынушының несие тарихына, табыс көзіне міндетті түрде қарайды. Негізі жеңілдетілген автонесие бойынша: Chevrolet, Hyundai, Škoda, JAC, KIA, Lada және Renault автокөліктерін алуға болады.  Алайда әлемдік экономикалық ахуалға байланысты  бұл темір тұлпарлардың бірін де таппайсыз.

− Көліктердің бағасы тым қымбат. Hyundai Accent маркалы көлігі 8 190 000 теңге. Бұл − жеңілдетілген несиеге берілетін ең арзан көлік. Мұны алғысы келген адамның жалақысы айына 300 мың теңгеден жоғары болуы қажет. Он бес жылға айына 160 мың теңгеден төлеп алсақ, құтылам дегенше екі үш жылдан соң техника сыр береді. Мемлекет несиеге қолдау білдірген соң көліктердің бағасын да бақылауда ұстауы керек еді. Жеңілдікпен береміз дегенімен, жүйесіз іс секілді. Тіпті салондардан алғымыз келген көлікті көре алмадық, − деп реніш білдірді қала тұрғыны Азамат Мұқаш. 

Қаламызда «Tutan auto.kz» серіктестігі мен Hyundai Qyzylorda компаниялары бағдарлама аясында көлік үлестіреді. Бір ғана Hyundai Qyzylorda кеңсесіне өтініш беріп,  кезегін күткендер көп.

− 600 азамат кезекте тұр. Несиелендіру басталғалы 10 адам көлікке қол жеткізді. Салонда қазір бағдарламаға қатысатын  көлік жоқ. Бұл еліміздегі көлік құрастыратын зауыттардағы қосалқы бөлшектердің жетіспеуінен орын алуда, − дейді Hyundai Qyzylorda компаниясы автокөліктерді сату бөлімінің басшысы Берік Толыбаев.         

Әлемдік көлік тапшылығы біздің елге де әсер етуде. Дегенмен, бұл мәселемен автоөндірушілер күресіп жатыр.  Hyundai Auto Kazakhstan ресми дистрибьюциясының директоры Денис Коломацкий informburo.kz сайтына берген сұхбатында алдағы айда  көлік жеткізу екі есеге артады деп отыр.

− Hyundai Trans Kazakhstan ҚР нарығына жеңіл автомобильдерді екі есе көп жеткізе бастайды, ал бұл – жыл соңына дейін жаңа Hyundai-дың тағы 25 мыңы келеді деген сөз. Өндіріс көлемінің ұлғаюы «Астана Моторс» Қазақстан еншілес компаниясы Оңтүстік Кореялық Hyundai Motor Company компаниясымен келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асуда. Жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы автокөлік сатып алғысы келетіндердің санын көбейтті. Өткен жылы 22736 Hyundai автокөлігі сатылса, оның шамамен 3 проценті жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша сатып алынды. Жыл басынан бастап осы уақытқа дейін біз қазақстандық нарыққа тоғыз мыңнан астам автомобиль қойдық. Мамыр айына жоспар екі мыңнан астам, маусымға шамамен үш мың және шілдеден бастап Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстан үшін ай сайын төрт мың машинадан өндіретін болады, − дейді ол.

Елімізде 21 Hyundai дилерлік орталығы бар. Дилерлер автомобильдерді келіп түсуіне қарай кезектілік тәртібімен үлестірмек. Бөлінген 100 миллиард  бір қазақстандыққа орта есеппен 10 миллион теңгеден беріледі. Бағдарлама аясында 10 мыңға жуық көлік иесін табады деген сөз. Бұл  қазақстандықтардың көлікке деген нақты сұранысын қанағаттандыра ала ма,  ол жағы тағы белгісіз.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<