Аудан әкімі «Аралтұз» АҚ-ы басшылығымен кездесті

491

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Бүгін Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов «Аралтұз» акционерлік қоғамы басшылығын қабылдады. Онда аудандағы ірі өндіріс орны алдағы уақытта жүзеге асыратын жоспарларымен таныстырып, жобалары туралы айтты.

Кездесуде аудан әкімі жұмысшылардың жалақылары мен әлеуметтік төлемдерін уақытылы төлеу қажеттігін айтты. Өз кезегінде компания басшылығы жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен еңбекақыны мезігілінде төлейтіндіктерін жеткізіп, әлеуметтік міндеттемелерді де орындау бойынша келісімге келді.

Қазіргі таңда «Аралтұз» компаниясы тұз өндірудегі елдегі жетекші кәсіпорын. Аудандағы 1300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме 2025 жылға дейін даму жоспарын әзірлеген. Соған сәйкес 500-ге жуық аралдықтарға жаңа жұмыс орнын ашатын екі бірдей жобаны жүзеге асыруды көздеуде. Алғашқысы полимерден «Қап шығару» жобасы. Құны 4 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орны іске қосылғанда 300-ден аса адам тұрақты еңбек ететін болады. Компания мұнан бөлек ішкі және сыртқы нарыққа «Экстра» тұзын шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа нысан іске қосылғанда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады.

Айта кетейік, бұл жобалар алдағы екі жылда іске асырылмақ. Жаңа нысандарға қызметкерлерді оқыту мен арнайы техникаларды үйрету бойынша жергілікті колледждермен ынтымақтаса жұмыс жасайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<