Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2022» ХХХV спартакиадасында жеңімпаз атанған спортшыларды қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудан әкімдігінде өткен салтанатты шарада Мұхтар Әуесұлы спортшыларды тарихи жеңістерімен құттықтады.
– Баршаңызды ауыл спортшыларының «Алтын күз» спартакиадасындағы тарихи жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!Тарихи деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Себебі соңғы он жылдың ішінде аудан құрамасы мұндай жетістікке қол жеткізбеген.
Әрине бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жетістіктің артында қаншама еңбек, төгілген тер, ұйқысыз түндер жатыр. Ең бастысы Сіздер жеңіске деген жігер мен темірдей төзімділік танытып, өздеріңізге артылған үміт пен сенімді ақтай алдыңыздар.
Қазалы ауданында 5 күнге созылған жарыста футбол, қол добы, баскетболдан әйелдер командасы, үстел теннисі, тоғызқұмалақтан аудан құрамасы жеңістің биік тұғырынан көрініп, ауданның абыройын асқақтатты.
Одан бөлек баскетболдан ерлер командасы мен шахматшыларымыз да намысты қолдан бермей, екінші орынға ие болды. Ал, волейболдан ерлер командасы, бес асық, асық ату, қол күресінен бақ сынаған спортшыларымыз үшінші орынды місе тұтты. Нәтижесінде 108 ұпай жинаған Қазалы ауданының құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 орынға ие болып, спартакиада жеңімпазы атанды. Бұл әрине біздің аудан үшін үлкен жетістік, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң спартакиадада аудан намысын қорғаған спортшылар мен олардың бапкерлері аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, ардагер спортшы Қуанған Бәкен спортшыларды жеңістерімен құттықтап, игі тілектерін білдірді.
Спортшылардың мерейін үстем еткен шарадааудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<