Аудан жаңалықтары

670

0

Жеке қабылдау өтті

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов кезекті жеке қабылдауын өткізді. Онда аудан басшысы тұрғындардың өтініш-сұрақтарын тыңдады.

Қабылдауға келгендердің дені жұмысқа орналасу, баспанамен қамту мен коммуналдық қызмет көрсету салалары туралы мәселе қозғаса, кейбірі ономастикалық мәселер бойынша жүгінді. Айта кетейік, бүгінге дейін 150-ге жуық азамат аудан әкімі қабылдауына келген.

Маманмен пікір алмасты

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Германиядан келген логопед, тәжірибелі маман Ренате Гриссермен кездесіп, ой-пікір алмасты.

Кездесуде аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі «Рауан» инклюзивті білім беру орталығында өзінің тәжірибесін бөлісіп жатқан логопедке ризашылығын жеткізді. Ренате Гриссер мүмкіндігі шектеулі балалардың бойында кездесетін ерекшеліктерді, мінез-құлқындағы өзгерістерді атап, түзету жұмыстарын жүргізудің тиімді жолдарына да тоқталып өтті. Мұхтар Оразбаев шетелдік мейманға қасиетті Қазалы жерінен естелік сыйлық тарту етті.

«Міндет. Абырой. Ерлік»

«Qalqan» жобасы аясында «Міндет. Абырой. Ерлік» әскери-патриоттық форумы өтті.

Форумға Қармақшы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Рүстем Тұрғанов қатысты. Форум жұмысында арнайы спикерлер шақырылды. Олар әскери-патриоттық салада атқарылып жатқан жұмыстарының үздік нәтижелерін бөлісті.

Форум соңында әскери-патриоттық ойындары жеңімпаздары марапатталды.

«Ауыл – ел бесігінің» игілігі

Аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов пен Жасұлан Еспенбет Дәуімбай елді мекенінде демеушілер есебінен салынатын балалар ойын алаңдарына белгіленген жер телімдерін нақтылап, тұрғындар ұсыныстарын тыңдады.

Сонымен қатар, жұмыс барысында Жалағаш кенті орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмыс барысымен танысты. Кешен құрылысына республикалық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 271,8 млн теңге, 2022 жылы 199 млн теңге, барлығы 471,6 млн теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме – «SCS Инжиниринг» ЖШС. Нысандар ағымдағы жылдың аяғына дейін толық пайдалуға берілетін болады.

Берекелі жыл болмақ

Ақиық ақын Асқар ауылында алғашқы орақ салу рәсімі өтті. «А.Тоқмағанбетов Жер» ЖШС диқандары егінге орақ салып, Сыр салысын шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісті.

Рәсімге аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, ауыл ақсақалдары, шаруашылық төрағалары мен еңбеккерлер қатысты. Аудан басшысы сөз сөйлеп, науқандық жұмысты бастаған асқарлықтарға құттықтау лебізін жеткізді.

Шаруашылықта 54 адам жұмыспен қамтылып, биыл 500 гектар күріш егіліп, 170 гектар ескі жоңышқаны күтімге алды. Тек күріш егіп қана қоймай мал азықтық дақыл – жоңышқа да өндіріп келеді.

Қазақ күресінен турнир

Ауданда «Шиелі» шекара бөлімі жеке құрамының ұйымдастыруымен қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы турнир өтті.

Сайысқа 10-11 жастағы 22-42 келі салмақ дәрежесіндегі ауданның 12 елді мекенінен және шекарашылардың балаларынан құралған командалары бар 250-ден астам спортшылар қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, «Шиелі» шекара бөлімінің бастығы, подполковник Мейірбек Махатов, қазақ күресінен әлем чемпионы Нұрым Сәлімгереев, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы 2022» Мақсат Исағабылов, қазақша күрестен әлем кубогының чемпионы Бекжан Төлепов қатысты.

Жас палуандардың тартысты бәсекесінің жеңімпаздары медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Командалық есеп бойынша бірінші орынды Бала би ауылының спортшылары иеленіп, арнайы кубок табысталды.

Дайындық жұмыстары пысықталды

Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жылу қазандықтары газ жүйесіне ауысып жатқан балабақшаларға барды.

Айта кету керек, ауданда 5 мемлекеттік балабақша бар. Оның біреуі, яғни «Балғын» балабақшасы «көгілдір отынға» қосылған. Ал «Ақбота», «Алпамыс», «Болашақ» және арнайы мемлекеттік балабақшада көмірмен жылитын қазандық тұрған. Енді жылу қазандықтары газ жүйесіне қосылуда. Бұл жұмыс жылу маусымына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгінде аудандағы барлық мектептер газбен жылытылады.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<