Аудан жаңалықтары

551

0

ОҚИТЫН ОТБАСЫ

Отбасы күні мерекесіне орай «Оқитын отбасы-2022» атты мерекелік кеш өткізілді.

Кітапханашы Жаңалық Төлегенова кітапханаға үнемі отбасымен келіп, кітап оқитындардың қандай құрметке де лайық екенін айтты. Іс-шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары, Жалғасбаевтар, Нұрмахановтар, Әбілдаевтар отбасы және №2 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының ата-аналары, мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары қатысты. Ата-аналар өздері оқыған шығармалардың тәрбиелік мәні, бауырмалдық, достық қатынастар туралы қызықты үзінділер, әңгімелер айтты. Ш.Мұртазаның, М.Мағауиннің, Б.Момышұлының, З.Ахметованың шығармаларының берер тәлім-тәрбиесінің мол екенін, жастарды кітап оқып рухани бай болуға шақырды.

«Көгілдір отынның» игілігі

Әйтеке би кенті мен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қазалы қаласы «көгілдір отынға» қосылып, тұрғындар табиғи газдың игілігін көруде. Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалуда. Оған аудандық бюджеттен 10,2 млн теңге қаржы бөлінді. Жобалаушы – «Бірлестік» ЖШС.

Денешынықтыру-сауықтыру кешені

Жосалы кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Сапақ» ӨК-мен келісім-шарт жасалды. Техникалық қадағалаушы – «Асем Құрылыс Қызылорда» ЖШС. Бүгінгі күнге 163,5 млн теңге қаржысы игеріліп, құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Енді сыртқы сайдингпен қаптау, асфальт төсеу, өрт сөндіру дабылдары, спорттық және кеңсе жабдықтары жеткізілуде. Кешенді пайдалануға беру 25 қазанға жоспарланған.

210 әкімшілік хаттама

10-11 қыркүйекте аудан көлемінде қауіпсіздікті арттыру бағытында жұмыстар жүргізілді.

Рейдтік жұмыстарға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дәурен Ибраевтың бастамасымен аудандық прокуратура, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет қатысты. Аудан бойынша полиция бөлімінен 26 қызметкер, 6 автокөлік, елді мекенге 14 қызметкер, 7 автокөлік бөлініп, жұмыс жасады. Сенбі, жексенбі күндері қылмыстық оқиғалар орын алған жоқ. Екі күнде атқарылған жұмыстың нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздік саласы бойынша 46 әкімшілік хаттама, жол қауіпсіздігі бойынша 118 әкімшілік хаттама рәсімделді. Айып алаңға 13 автокөлік қамалды.

Жылу қазандықтары газға қосылуда

Бүгінде ауданда қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандарды «көгілдір отынға» қосуға мейлінше көп көңіл бөлінуде.

Тереңөзек кентінде барлығы 25 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 13 нысанға газдандыру жұмыстары жүргізілді. Қазір 5 нысанды, атап айтқанда №210 орта мектеп, аудандық аурухана, «Айгөлек» балабақшасы, емхана, №2 «Балдаурен» балабақшасын газдандыру үшін мердігер мекемелермен келісім-шарт жасалып, жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Әлем чемпионын құттықтады

Аудан әкімі Нұржан Ахатов Өзбекстанның Наманган қаласында ересектер арасындағы белбеу күресіне қатысып, 57 келі салмақта әлем чемпионы атанған Жандос Әбубәкіровті қабылдады.

Әлем біріншілігінде көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелеткен Жандосты жеңісімен құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады. Жандос аудан әкіміне алғысын айтып, алдағы уақытта бұдан да зор жетістіктерге ұмтылатынын жеткізді.

Айта кетейік, шиелілік Жандос – белбеу күресінен Қызылорда облысынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Осы уақытқа дейін ересектер және жастар арасында Қазақстан біріншілігінің чемпионы, белбеу күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.

«Жан-Арай» кешеніне экскурсия

Аудандық ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Жастар одақтары» ҚБ ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылында орналасқан «Жан-Арай» индустриалды кешеніне жұмыссыз, пробациялық қызмет тізіміндегі жастар мен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің студенттеріне экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында кешен әкімшісі Нұрдаулет Махашов жастарды агроиндустриалды аймақтың жұмысымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді.

Бұл іс-шара жастардың дүниетанымын және кәсіпке ден қоюын ілгерілетуде орасан зор пайдасы болары сөзсіз.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<