Аудан жаңалықтары

725

0

Жұмыс барысын бағамдады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірқатар елді мекендерде болып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысын бағамдады.

Ең алдымен Аманөткел ауылдық округінде орналасқан Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Жаңғырту жұмыстарын «Жылу-ХХI» ЖШС жүргізуде. Мұнан соң, аудандық маңызы бар «Бөген-Ақлақ» бағытындағы жолдың жағдайымен танысты. Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме – «СтройМодуль-Астана» компаниясы. Аудан әкімі мердігер мекемеге құрылысты сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Қызылжар елді мекенінің кіреберіс автомобиль жолы да бюджет есебінен жаңғыртылады. Ұзындығы 15 шақырымнан асатын жолды «Аван құрылыс» мекемесі жөндеуден өткізбек.

Егін орағы қарқынды жүруде

Ауданда егін орағы қызу жүріп жатыр. Қамбаны қызылға толтырған шаруалар комбайндарын тізгіндеп, егістік басында таң атқаннан кеш батқанға дейін еңбек етуде.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаевпен бірге «РЗА – Агро» ЖШС-ның күріштік алқаптарына барып, егін орағының барысын көрді. Ақжона ауылдық округіндегі «Қостам» учаскесінде серіктестік 606 гектар күріш еккен. Қазір күрішті орып, бастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл серіктестік 1922 гектар жерге күріш дақылын еккен.

Түркістан қаласына сапар

Халықаралық қарттар күні қарсаңында қармақшылық еңбек ардагерлері Түркістан қаласына саяхаттауға жолға шықты.

Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов оларға сәт сапар тіледі. Сондай-ақ, ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдіріп, алдағы мерекемен құттықтады. Ардагерлерді тарихи орындарға апару және оларға құрмет көрсету шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Ақындар мүшәйрасы

Жалағашта Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» аймақтық ақындар мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Жалағаш аудандық филиалының төрағасы Дина Мирман, облыстық тілдерді оқыту орталығы Жалағаш ауданы бойынша мемлекеттік тіл маманы Назерке Есаманова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы Роза Ералы қазылық етті. Іс-шараға белсене қатысып, жүлделі орындар алған жас ақындарға бағалы сыйлықтар мен диплом табысталды.

Дәстүрлі турнир жалғасын тапты

Мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан XXIII халықаралық турнирдің салтанатты түрде ашылуы өтті.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қоғам қайраткерінің өмір жолына тоқталып, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі. Халықаралық дәрежеде спорттық іс-шараға еліміздің барлық облыстарынан, қалаларынан және Шешенстанның Грозный қаласынан 22 команда қатысып, бақ сынауда. Төрт күнге жоспарланған жарыс Тереңөзек кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтуде. Әзірге Сырдария ауданының құрамасы Грозный құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, жарыс жолын сәтті бастады.

Кенеге қарсы улау басталды

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз деп танылған аумақтарды кенеге қарсы улау жұмыстары басталды.

Елді мекендер бекітілген кестеге сәйкес залалсыздандырылып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов дезинсекциялық жұмыстарды жүргізетін «Батыс дезинфекция» ЖШС-нің мамандарына залалсызсыздандыру кезінде ерітіндіні бақылауда ұстауды және улау жұмыстарын барынша сапалы жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, дезинсекциялық жұмыс нәтижелі болу үшін қоражай, суат, шаңлақтар, мал жиналатын жерлер ескі қи-көңнен тазартылу керек.

Жәрмеңке өтеді

Бүгін Қызылорда қаласындағы Астана даңғылының бойында Жаңақорған ауданы мен «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Жаңақорғандық диқандар 25 жүк көлігіне тиелген 100 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынады. Атап айтқанда, 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннадай картоп, 5 тонна сәбіз, 10 тонна пияз, 15 тонна қауын-қарбыз, 15 тонна асқабақ, 5 тонна көкөніс жеткізілмек.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<