ҚЫЗЫЛОРДА. Қала тұрғындарын нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ірі сауда орындарына тұрақтандыру қорынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері күнделікті жеткізілуде.
Бүгінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен 10-ға жуық ірі супермаркет арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөнінде келісім жасалған. Келісім-шарт негізінде азық-түлік өнімдері шекті бөлшек бағамен арнайы «Әлеуметтік бұрыштар» арқылы ұсынылуда.
Айта кетсек, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік өнімдерін «Small», «Кызылорда оптомаркеті», «Анвар», «Ажар», «Алатау» супермаркеттерінен сатып алуға болады.
Тазалыққа қатысты талап босаңсымайды
АРАЛ. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар талқыланды.
Экологиялық бағдарлама шеңберінде аудан орталығы мен барлық елді мекенде 5 кезеңнен тұратын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 2 577 тонна қатты қалдық полигонға тасталып, 6101 түп ағаш және түрлі гүлдер отырғызылды. Бұдан бөлек, аллеялардың, саябақтардың және тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтары тазартылып, әрленіп-сырланды.
Жиында Аманжол Сақыпұлы кәсіпкерлік нысандардың тазалығы, бағдаршамдардың жұмысы, су айдындарындағы қауіпсіздік және Арал қаласына орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысы туралы айтып, кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізу керектігін жауапты мамандарға міндеттеді.
Талапқа сай болу керек
ҚАЗАЛЫ. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет базар басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында базарлар мен сауда орындарындағы санитарлық талаптардың сақталмауы, өрт қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеуі және сатушылар мен келушілерге жағдай жасалмағанын қатаң сынға алды. Осыған сәйкес сауда орындарының барлығын заманауи қалыпқа келтіруді, ескірген ғимараттарға жөндеу жүргізіп, эскиздік жобалар дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ базарлар келушілер мен кәсіпкерлер үшін ыңғайлы, абаттандырылуы, тазалығы жағынан барлық талаптарға сай болуы керегі айтылды.
Бірқатар міндет жүктелді
ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек бірқатар инфрақұрылымдық нысанның жағдайын тексеріп, төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Алдымен «Марал баба» кесенесіне баратын жолдың құрылыс жұмыстарын бақылады. Бұл – аудан тұрғындары мен Марал ишан кесенесін зиярат етушілер үшін маңызды инфрақұрылым.
Одан кейін, Қармақшы ауылы мен Далдабай елді мекені шекарасы тұсындағы және Дүр Оңғар ауылының маңындағы Сырдария өзенінің жағдайымен танысты. «Қожатай» учаскесіндегі су тоспасының және «Сарыөзек» көлінің экологиялық жағдайын көрді. Бұл нысандар өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады.
Аудан басшысы жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, жұмыс сапасын жақсарту бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Дайындық пысықталды
ЖАЛАҒАШ. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен қыс-көктем мезгілдеріндегі су тасқынының алдын алу бойынша мәжіліс өтті.
Онда тиісті мамандарға, ауылдық округ әкімдеріне өз аумақтарындағы учаскелерді қатаң бақылауға алып, кезекшілік қою туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының үнемі әзірлікте болуын қатаң бақылауда ұстау керек.
Күн тәртібінде үш мәселе
СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе, суармалы егіс көлемін азайту бағытында атқарылатын жұмыстарға қатысты. Жиында биыл егіс көлемі азайтылып, суды аз қажет ететін дақылдар егуге басымдық берілетіндігі баса айтылды.
Екінші мәселе – аудандағы эпидемиологиялық ахуал туралы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев баяндады. Мәдениет үйлері мен клубтарға бекітілген ақылы қызметтің орындалуы, жоспарланған қызмет мөлшері туралы аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Төрәлиев ақпарат берді. Аудан әкімі кемшіліктерді түзеп, нәтижеге жұмыс жасау керегін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Өтініштер оң шешімін тапты
ШИЕЛІ. Елді мекен тұрғындарымен кездесуде айтылған мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Ш.Қодаманов елді мекенінде ыза суды болдырмау үшін «К-3» қашыртқысының «р-12» каналымен қиылысқан жерінде орналасқан трубалар тазалануда.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, «Қызылордасушар» филиалының директоры Роллан Ахметов, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков, «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров және елді мекен ардагерлері жүйелі жұмыстардың куәсі болды. Ардагерлер халықтың өтініш-тілектері жерде қалмай, игілікті іс жасалғанына алғыс айтып, ризашылық білдірді.
Алдын алу маңызды
ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан прокуратурасы мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу мақсатында №163 орта мектебі мен №110 мектеп-лицейінде арнайы түсіндірме жұмыстарын өткізді.
Кездесуге аудандық прокуратураның аға прокуроры Берік Байсбаев, Сейтмахан Сермұхамедұлы, Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров қатысты. Шара барысында оқушыларға заң бұзушылықтың салдары, нашақорлықтың зияны және денсаулықты қорғаудың маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат беріліп, арнайы түсірілген видеоролик көрсетілді. Сондай-ақ азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жастардың жарқын болашағына үлес қосуға шақырды.
Дайындаған: Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<