Аудан жаңалықтары

41

0

Рейдтік шаралар күшейтілді

Қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, қаланың сәулеттік келбетіне зиян келтіру және жалпы эстетикалық талаптардың сақталмауын қадағалау үшін рейдтік шараларды жалғастыруда.

Кезекті бақылау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Жұмысшы топ алдымен қаладағы жеке сектор аумағын шолып, «Жаңа базар» маңы мен Қорқыт ата көшесін тексерді. Тазалық сақтамаған тұрғындарға ескертулер беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу туралы өтінішін жеткізсе, кейбірі тұрғын үй және жер мәселелері бойынша жүгінді. Аудан әкімі келушілердің мәселелеріне жеке тоқталып, тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерден түскен сұраныс бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.  Тұрғын үй және жер алу мәселесімен келген адамдарға жауапты мамандар түсініктеме беріп, заңдылыққа сәйкес нұсқаулықтар айтылды.

Бірлік пен тұрақтылықтың тірегі

Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның «Қоғам. Отбасы. Әйел» атты шарасы өтті.

Шарада аудан әкімі жиынға қатысушыларды алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтап, аудан көлемінде нәзік жандылардың қатысуымен жүзеге асып жатқан игі жұмыстарға, әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген әйел-аналарға облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімінің Алғыс хаттары, ауданның Құрмет грамотасы табысталды.

Жаңа прокурор тағайындалды

Аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен жиында  кадрлық өзгерістер таныстырылды.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығына сәйкес Қармақшы ауданының прокуроры лауазымына Нұрбек Қаратаев тағайындалды.

Актив отырысында аудан басшылығы Н.Қаратаевты жаңа қызметімен құттықтап, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндетіне сәттілік тіледі.

Шетелдік инвесторлармен кездесті

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов шетелдік Yuan Rui Da корпорациясының басшылық құрамымен кездесті. 

Кездесу барысында компания өкілдері 100 миллион АҚШ дол­ларын құрайтын инвестициялық жобаларын таныстырып, Жалағаш ауданы аумағында жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.  Инвесторлар майнинг саласы мен электронды жабдықтар өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар, жоба аясында жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Татулық пен достықтың мекені

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында форум өтті. Оған облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Бақытжан Камалов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, зиялы қауым және этнос өкілдері қатысты.

Форумда аудан басшысы татулық пен достықтың сақталуына үлес қосып жүрген этнос өкілдерін Алғыс хатпен марапаттады. Өз кезегінде олар қиын-қыстау кезеңде дарқан пейіл танытып, қамқорлық көрсеткен қазақ халқына алғыстарын жеткізді.

Әдеби-танымдық кеш

«Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен ел тарихын тереңнен таныту, ұлт зиялыларының мұрасын дәріптеу және жастардың рухани танымын кеңейту мақсатында Алаш арысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті.

Шара барысында орталықтың шығармашыл жастары Міржақып Дулатовтың ақындық мұрасынан өлеңдер, публицистикалық еңбектерінен үзінділер оқыды. Сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

«Тәуелсіздік – тұғырым»

«Руханият орталығында» 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында  дөңгелек үстел өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Кездесу барысында желтоқсаншыларға аудан әкімінің атынан Құттықтау хат табысталып, сый-құрмет көрсетілді.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»