Ауыл кәсіпкерлері 30-ға жуық оқушыға сыйлық үлестірді

789

0

Жыл сайын жаңа оқу маусымына дайындық барысында балаларды базарлығымен қуантатын аққошқарлық іскер азаматтар биыл да дәстүрлі шараның жалғасын табуына демеуші болды. «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларды бағалы сыйлықтармен білімге ынталандырған Еңбек ауылының тұрғындары шәкірттер бұл салада оң нәтижеге көз жеткізуден жалықпаса, өздерінің қолдаудан шаршамайтынын айтады. «Көп түкірсе, көл» деген. Бұған дейін Еңбекте ұйымдастырылған игі шаралар жөнінде сөз қылсақ, оның басы-қасында болып, бар көмегін аямайтын Шакизатхан Ысқақовтың жақсылығын ғана тілге тиек ететін едік. Бұл жолғы республикалық акцияның жоғары деңгейде өтуіне себепкер болған аққошқарлықтардың қарасы қалың.

Жаңа оқу маусымының басталуынан бір апта бұрын шымылдығын түрген шарапаты мол шарада 30-ға жуық отбасынан шыққан оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді. Ауыл әкімі Қайролла Қалданов үлкендердің жастарға көрсетіп жатқан бұл өнегесі кейінгі буынға тек материалдық көмек емес, туған жерге һәм сол өңірдің қажетіне жарауда болашақта оң бағыт екенін айтады. 

– Алдымен баршаңызды алда келе жатқан жаңа оқу маусымымен құттықтаймын. Жалағаш соңғы жылдары бұл салада оң нәтижелерге қол жеткізсе, оған Еңбектегі М.Байділдаев атындағы орта мектептен түлеп ұшқан жастардың да қосқан үлесі мол. Жыл сайын шымылдығын түретін республикалық акция биыл да жалғасын тауып отыр. Балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен ауылдың іскер азаматтарына алғысым шексіз. Сіздердің бұл игі шараның басы-қасынан табылып, қолдан келгенше жасап жатқан қамқорлықтарыңыз жастарға тек материалдық ғана көмек болумен шектелмейді. Бұл игі істеріңіз бір жағынан оларға өнеге болары сөзсіз. Бұйыртса, алдағы уақытта осы жастар да ел алдындағы азамат болып, туған жердің гүлденуіне атсалысады. Акция аясында жасап жатқан жақсылықтарыңызға тағы да алғыс айтамын. Ал оқуышлар енді тек білім саласында оң өзгерістерге қол жеткізіп, үлгілі шәкірт болуларыңа тілектеспін, – дейді Еңбек ауылдық округінің әкімі.

Акция аясында осыған дейін де Аққошқардың әлеуетінің артуы жолында бар көмегін аямай келген «Еңбек-Жер»ЖШС-ның төрағасы Шакихатхан Ысқақов 560 мың теңгегемектеп оқушыларына 8планшет табыстады. Ал ауылдың төл перзенті Нұрдаулет Кенжебаев2 оқушыға моноблок тарту етсе, Ғалия Байділдаева 1 оқушыға ноутбук сыйлады. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Күлайым Төлегенова, Мейрамбек Канибаев, Сайлау Сулейменов,  Айдос Жыржисов, Мэлс Толыбаев, Балзира Толыбаева, Жанат Бектурганова, Жамал Жаксыбаева, Болат Шораев пен Батырбек Нағашыбаевтароқушыларға бір данадан смартфон үлестірді.

Республикалық акциядан Мардан Байділдаев атындағы № 232 орта мектеп ұжымы да қалыс қалмады. Яғни ауыл мектебіндегі ұлағатты ұстаздар шәкірттеріне көптеген смартфон сыйға тартты. Шараның жоғары деңгейде өтіне атсалысқандардың қатарында ауылдағы емхана ұжымы мен мәдениет үйі қызметкерлері де бар. Еңбектегі ақ халатты абзал жандар мен өнерлі азаматтар да балалардан базарлығын аяған жоқ. 

«Мектепке жол акциясында ғалым атындағы орта мектепті әр жылдары тәмамдаған түлектер де оқушыларға өз сыйлықтарын үлестірді. Яғни 1969,1980,1983 және 1988 жылғы ауылдың төл перзенттері көптеген оқуышға 1 данадан смартфон сыйға тартты.

Жауапты министрлік биылғы жаңа оқу маусымының онлайн режимде өтетінін айтқан болатын. Сондай-ақ бірнеше отбасындағы оқушылар демеушілердің қаржыландыруымен қажетті құрал-жадықтармен қамтамасыз етілетінін жеткізген еді. Сол игі  шара бүгін Еңбек ауылында жалғасып жатыр. Ауыл әкімі айтқандай расында бұл акцияға үлкендердің атсалысуы жастарға өнеге болары сөзсіз. Бұған дейін де өнегелі ісімен алға озған Аққошқарда соңғы жылдары жағдайы төмен отбасына жәрдемдесу, кәсіпкерлер тарапынан емханалар мен білім ошақтарын һәм мәдени нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты шаралар жиі жалғасын тауып жатыр. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қанатты сөз осы өңірдің тұрғандарына қаратып айтылған ба дерсің!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<