Ауыл жаңалықтары

334

0

Қосымшаның тиімділігі

Қызылорда. Жеке тұлғалардың мүлік, жер, көлік құралдары салықтары және жалпыға бірдей декларациялау бойынша, «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының тиімділігі жөнінде брифинг өтті. Оған Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жеке тұлғалармен жұмыс бөлімінің басшысы Жорабек Сүйірбаев пен бас маман Қуанышбек Тыныс қатысты.

–  Қазіргі таңда, «e-Salyq Azamat» қосымшасын 28 мыңнан астам қала тұрғыны қолданып отыр. Қосымшаның тиімділігі – тұрғындардың банк бөлімшесіне бармай-ақ, комиссиясыз мерзімінде салығын төлей алуында, – деді Қуанышбек Тыныс.

Бұдан бөлек, салық органына жеке тұлғалардың меншік құқығына тіркелген мүлік, жер, көлікке есептелінген салық берешегі бойынша шағымдардың түсуі артқан. Шағымның басым көпшілігі жеке тұлға меншігіне тіркелген мүлікпен келіспеуіне байланысты.

Кезекті жеке қабылдау

Арал. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға тұрғындар негізінен жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселелерімен келді.

Жұмыссыздық мәселесін қозғаған азаматтарды тыңдаған аудан әкімі бос жұмыс орындары болған жағдайда мамандығына сәйкес кезектілікпен жіберілетінін түсіндіріп, тиісті сала басшыларына мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды. Жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның мәселесі бақылауында болатынын айтып, олардың әлеуметтік жағдайына сәйкес қолдау шараларын көрсетуді қала аумағы бойынша бөлінген сектор жетекшілеріне жүктеді.

Жас кәсіпкерлердің бизнес форумы

Қазалы. Ауданда жас кәсіпкерлердің бизнес форумы өтті. Қазалы қаласындағы Жастар үйінде ұйымдастырылған форумға «GOSAUDA» халықаралық интернет-дүкенінің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшілері Қуаныш Сұлтанов және Жәнібек Жексенбаев қатысты.

Ауқымды шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалыда тіркелген 5292 кәсіпкерлік субъектісінің ішіндегі 15,7 %-і жастардың үлесінде екенін атап өтті.

– Алдыңғы жылмен салыстырғанда жас кәсіпкерлер қатары 11,7% артқан. Бұл бізді қуантады. Бірақ, облыстағы кәсіпкерлігі дамыған аудан үшін бұл бізге аздық етеді, – деді ол.

Қуаныш Сұлтанов өзінің бастамаларымен таныстырып, интернет-дүкеннің тиімді тұстарын айтып берді. Форум соңында өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған бірқатар жас кәсіпкерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Көшелердің жай-күйі

Қармақшы. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов аудандық мәслихат хатшысымен, аудандық ардагерлер, аудандық қоғамдық кеңес төрағаларымен бірге Жосалы кенті орталығындағы жөндеуді қажет ететін көшелердің жай-күйімен танысты.

Биыл 115 көшені жөндеуге жоба-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті қаражатты бөлуге республикалық бюджеттік комиссияға өтінім жолданды. Алдағы жылы жол жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, аудандағы инфрақұрылымның жүйелі дамуына ықпал етпек.

Тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге сәйкес жөндеуді бірінші кезекте қажет ететін 15 көшеге орташа жөндеу және құм аралас қиыршық тас төсеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар басталды. Таяу арада тұрғындардың  талап-тілектері орындалып, жаңа жолдың игілігін көретін болады.

Домбыра-дастан

Жалағаш. Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Домбыра-дастан» атты мерекелік концерт  болды.

Шарада аудан әкімі Асқарбек Есжанов мерекемен құттықтады.

– Домбыра – қазақ халқы үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ол – күнделікті барлық тұрмыс-тіршілігімізден биік тұрған киелі құндылық. Қазақтың сал-серісі үкілі домбырасын қолға алып, елге шыққанда халық оларды төредей күтіп, төбесіне көтерген. Бабаларымыздан қалған осы бір игі дәстүр қазір де жалғасып келеді. Қазақтың кез келген отбасында киелі домбыра шаңыраққа сән беріп, төрінде ілулі тұр, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Бірқатар сала қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Алғашқы кезең аяқталды

Сырдария. Биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше жоба қолға алынбақ.

Оның ішінде төрт елді  мекенді – Шаған,  Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин ауылдарын газдандыру, аудан орталығы мен ауыларалық автомобиль жолдарын жөндеу және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары бар.

Бүгінде Қалжан ахун ауылын газдандыру бойынша алғашқы кезең жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының 11 шақырымына республикалық бюджеттен 146,5 млн теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Комиссия отырысы

Шиелі. Аудан әкімі Нариман Мақұлбековтің төрағалығымен аудандық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.

Комиссияда 2 мәселе қаралды. Есірткі бизнесіне қарсы күресте мүдделі органдар атқарып жатқан шаралар туралы Шиелі аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Қанат Өсербайұлы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы Ердәулет Жаукеев баяндады.

Баяндамашыларға және тиісті сала басшыларына мәселеге қатысты сауалдар қойылып, жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі комиссия қорытындысы бойынша кент және ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшыларына тапсырмалар берді.

Қарбыз пісті

Жаңақорған. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов Ақүйік ауылдық округіне барды.

«Ақүйік» диқандары жыл сайын бақша дақылдарын, оның ішінде қарбызды ерте пісірудің тәсілін меңгеріп, жерасты суын да тиімді пайдаланып отыр.

Биыл округ бойынша 100 гектар жерге қарбыз көшеті егіліп, маусым айының соңында нәтижесін берді. Аудан әкімі егіс даласындағы шаруа-диқандарымен кездесті.

«Агросервис-Жаңақорған» ЖШС директоры Мейіржан Құтыбаевтың айтуынша, әр гектарынан 40-50 тоннаға дейін алынған сапалы өнім еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтіліп жатыр.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<