Ауызсу және кәріз құбырлары жаңартылуда

621

0

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур өткізді. Онда «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің нысандарын араладық. «Қызылорда су жүйесі» мекемесі басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Өтепов индустриялық бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Кәсіпорынның активтерін жаңалау, қолдау, қайта жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру мақсатында Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының және аталған департаменттің бірлескен бұйрығымен «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне 2020-2024 жылдарға 423,16 млн теңге инвестициялық бағдарлама бекітілген. Бұл қаражатқа 1,3 шақырым ауызсу және 1,1 шақырым кәріз жүйелеріне күрделі жөндеу және техникалық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Солардың бірі қаладағы Қыдыров, Романов көшесінің бойындағы №12 канализациялық сорғы станциясын, ашып- жабу камерасына дейін екі желілі қысымды кәріз жүйесі қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар «Механизатор-К» серіктестігіне жүктелген. Тұрғындар ертерек бітіріп, біткен соң көшені асфальттап кетуді ескертті.

Аталған мекеме Желтоқсан, М.Әуезов, Бостандық көшесінде де ауызсу жүйесін жаңартуда. Жұмыс қыркүйек айында аяқталуы тиіс.

Мұнан соң «Корпорация Әлем-Құрылыс» серіктестігіне жүктелген Бөкейхан көшесіндегі су құдығынан бастап Төле би, Е.Көшербаев, Баймағанбетов көшелерінің қиылысындағы су құдығына дейінгі Жеңіс көшесі ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстарымен таныстық. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Желтоқсан айына дейін аяқталуы қажет.

− 2022 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 210 млн теңгеге 2,9 шақырым қысымды ауызсу жүйелерін және 1 кәріз жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қазір тендерлік жұмыстар жүруде.  Қаладағы ауызсу және кәріз жүйелерінің сапасын жақсарту мақсатында бұл жұмыстар жалғасын табады, − деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қызылорда облыстық департаменті басшысының орынбасары Ғалым Тойлыбек.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<