ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАДІРЛІ ІС

399

0

Аймақта “Қайырымдылық керуені” жалпыұлттық акциясы аясында қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың ІІ облыстық форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, қайырымдылық жасаушылар мен меценаттар, облыстық ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестік жетекшілері, жас кәсіпкерлер және ҮЕҰ мүшелері қатысты.

Сыр өңіріндегі кәсіпкерлер мен меценаттарды қолдау, қайырымдылықтың дамуына жаңа екпін беруді көздеген шарада облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов алдымен барша қатысушыларды ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қайырымды жан­дарға алғысын білдірді.

– Еліміз тәуелсіздік алып, дамудың даңғыл жолына түскенде Елбасы алдымызға үлкен міндеттерді қойды. Ең бірінші, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау, екінші, әлеу­меттік бағдарланған қоғам құру, үшінші, нарықтық экономиканы қалыптастыру және қоғамдық ой-сананы қайта жаңғырту. Бүгінгі облыстық ҚХА ұйымдастырған игі шара да осы мақсат-міндеттерді көздейді. Қайырымдылық – қоғамның құндылығы. Ата-бабаларымыз қашанда қайырымдылық пен ізгілікті, жомарттықты алға қойған. Мұқтаж жандарға қол ұшын соза білген. Бүгінде арамызда жүректері мейірімге толы, өзгелерді қуантуға асық тұратын азаматтарымыз жетерлік. Олардың жасаған жомарттығы өзгелерге үлгі. Биыл өңірде қаншама әлеуметтік жобалар жүзеге асты. Соның ішінде 800-ге жуық шараға қатысып, 25 мыңға жуық адамға қаржылай қолын созған осы жомарт жандар. Халқымызда: “Жомарт – бердім демес, жомарт – кекті білмес, батыр – көпті білмес” деген сөз бар. Осылай халыққа жылу сыйлап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген барлық қайырымды жандарға айтар алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз қайырлы, кәсіптеріңіз берекелі болсын, – деді Р.Рүстемов.

Форум аясында жоқ-жітікке болысып, мұқтаж жандарға жанашырлық танытқан кәсіп­керлер мен меценаттар марапатталды. Олардың қа­тарында мектептердің спорттық жаб­дықтармен қамтылуына үлес қосқан “Бесарық” ЖШС басшысы Дәулет Сәрсенбаев, Қазалы ауданы тұрғындарының баспаналы болуына ұйытқы болған “Асыл имам” қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Аралбаев, жалғызбасты қарттар мен тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарына қаржылай қолдау көрсеткен  байқоңырлық кәсіпкер Думан Нұралы, білім беру саласына демеушілік көрсетіп жүрген “Мәди қажы” ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтанов,  20 жылдан бері қайырымдылықты жанына серік еткен “СПМ-Қызылорда” ЖШС директоры Темірхан Әлімқұлов және т.б кәсіпкерлер бар. Сондай-ақ, шара барысында “Ер-Арай” қоғамдық қорының директоры Асхат Байдәулетов кәсібін енді ғана бастаған Несібелі Жеңісбекқызына сый-сияпат жасады.

Осылайша өзгелерге болысып, қолынан келгенін аямайтын жомарт жандарға арналған кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<