Азаттығым – қазақтығымның айғағы

750

0

Дәл осы тақырыпта Сыр өңіріндегі Назарбаев Зияткерлік мектебі Тәуелсіздік күніне мерекелік концерт тарту етті.

Салтанатты шара Қазақстанда тәуелсіз мемлекет болып жарияланған күннен бастап орын алған әлеуметтік – экономикалық даму кезеңдерін бейнелейтін прологтан басталды. Мектептің 7-сынып оқушысы Еламан Серікұлы егеменді елдің 29 жыл ішінде қол жеткізген жарқын белестерін өлеңмен жеткізді.

Содан соң, мектеп қауымдастығы ұлттық нышанымыз – мемлекеттік гимнді шырқап, мерекенің тарихы мен маңыздылығы туралы сөз етті.

Концерттік бағдарлама барысында алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Бахыт Жұматай Тәуелсіздік күні барша қазақстандықтар үшін қастерлі де қасиетті мереке екенін атап өтті.

– Кең байтақ жеріміздің өз егемендігін алғанына биыл 29 жыл толып отыр. Азаттықтың ақ таңын атырып, көкбайрағын бейбіт аспан астында желбіреткен еліміз бүгінде әлемдік көкжиекте тұрақталып, абыройы асқақтай түсуде. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған елдігімізді келер ұрпаққа аманат ету – әрқайсымыздың Отан алдындағы борышымыз, – деді Бахыт Әмірханұлы.

Мерекелік кеш әрі қарай Отан туралы патриоттық әндермен жалғасты. «Сәлем сағат, Туған ел», «Мен қазақтың баласы» секілді әуендер шырқалып, көрермендердің елжандылық сезімдерін оянды.

Шарада мектеп мақтаныштары, халықаралық байқаулардың жеңімпаз оқушылары мен шығармашылық топтар өнер көрсетті. «Қазақ биі», Жұбан ақынның «Мен қазақпын» өлеңі, «Адай» музыкалық композициясы және хордың орындауында «Біржан-Сара» әні көрермендерді ыстық ықыласқа бөледі.
Сонымен қатар, концертте Қызылорда облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театрының әртістері, халықаралық өнер сахнасында танымал «АДС» тобы өздерінің құттықтау лебіздерін арнап, әннен тарту жасады.

Кеш соңында Ұлы Дала мұрагерлері Тәуелсіздіктің ата-баба аманаты екенін атап өтіп, ел егемендігі үшін аянбай еңбек ететіндерін мол сеніммен жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<