Азаттықтың алғашқы қарлығаштары

669

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деген болатын.

Расымен де, Тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төксе, 1986 жылы желтоқсанда алаңға шыққан аға-апаларымыз Тәуелсіздік таңын жақындатты. Айтулы оқиғаның 35 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікті ту еткен желтоқсаншылар» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Оған Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Аманбай Дүйсенұлы, Айтжан Оразбақов, Шолпан Баймаханова, Жанар Дармағамбетова және қаладағы орта білім беру ұйымдарының тарихшы ұстаздары, кітапханашылар, студент-жастар қатысты.

Қатысушылар Желтоқсан оқиғасының тарихи тағылымы мен тәуелсіздік құндылықтары төңірегінде пікір алысып, ой бөлісті. Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, жас ақын Мақсат Дауылбай өз шығармашылығынан «Желтоқсан» атты өлеңін оқып, кездесуге қатысушыларды жалынды жыр жолдарымен бір серпілтті.

Кездесу барысында қонақтарға Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері дайындаған «Желтоқсан желі ызғарлы» атты кітап көрмесі, орталық қызметкерлері дайындаған қала тұрғындарынан алынған сауалнама, бейнебаян ұсынылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<