Баға үшін қорды жасырған

560

0

Жанармай нарқы және оның қорына қатысты мәселе пысықталып жатыр. Кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен ішкі нарықты мұнай өнімдерімен, оның ішінде дизель отынымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қазір республикада дизель отынының жиынтық қоры 309 мың тонна. Осы айда тағы 441 мың тонна жанармай өндірілмек. Сонда сәуірде дизельдің жалпы көлемі шамамен 750 мың тонна болады. Ал тұтыну көлемі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ҚТЖ қажеттіліктерін қоса есептегенде, шамамен 510 мың тоннаны құрайды.

Тапшылық мәселесі бойынша министр (7 сәуірдегі жағдай) 415 жанармай құю станциясында дизель отыны болмағанын, бұл еліміздегі 3163 нысанның 13%-ы екенін атап өтті. Осы ретте министрлік тапшылықты тез арада жою үшін өңірлер әкімдіктерінен өтінімдер жинаған.

Жалпы мемлекет өңдеу кәсіпорындарында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатыр. Шымкенттегі МӨЗ-ін жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, мұнай өнімдерін жөнелту басталып кеткен. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен тапшылық бар өңірлердегі жанармай құю бекеттеріне басымдық беріледі.

Ал соңғы күндері орын алған тапшылық жанармай құю станциялары иелерінің баға айырмашылығын күтіп, мұнай базаларындағы отын қорын жасырып қалуына байланысты болған. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді. Өйткені жеке мұнай базаларында елде бар дизель отыны көлемінің 73%-ы жинақталған көрінеді.

Қаржывице-министрі Ержан Біржановтың ақпаратынша, өткен аптада 3 мыңнан астам жанармай құю станциясына талдау жүргізілген. Мұнда жанармай бола тұра, сауда-саттық көлемі азайып кеткен нысандарға ерекше назар аударылған. Бұл санатта еліміз бойынша 152 жанармай құю бекеті анықталып, барлық деректер бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Роман Скляр өңірлердегі штабтар белсенді түрде әрекет етіп, тұрақты рейдтер өткізуі керектігін атап өтті.

– Алып-сатарлыққа және мұнай базаларында отынды «ұстап тұруға» жол бермеу керек, өйткені бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсеретеді. МКК, ҚМА және БҚДА-дан жанармай құю станциясындағы жағдайды бақылауды күшейтуді сұраймын. Жанар-жағармай материалдары бола тұрып, оны сатпай отырған нысандар анықталса, оларды заң бойынша жауапқа тарту керек. «ҚазМұнайГаз» және ҚТЖ зауыттардан жоспарланған жанар-жағармай материалдарының көлемін, әсіресе дизель отынын уақытылы және толығымен жөнелтуді және жеткізуді қамтамасыз етуі қажет, – деп нақтылады Р.Скляр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<