Бала – ата-ананың айнасы

333

0

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Қарақат Әбден облысқа іссапарында «Қамқорлық» дағдарыс орталығында болып, тағдырдың түрлі сынағына ұшыраған жандармен кездесті.

Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындау себебі, оның алдын алу бағытындағы шаралар әңгіме өзегіне айналды. Орталықтағы қызмет алушылардың жағдайын сұрап, туындаған мәселелерді бірлесіп шешу керегін айтты. Мекеме директоры Жандос Тұсмағамбетов бұл бағыттағы жұмыстарды баяндап, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсынысын жеткізді.

Мұнан соң Қ.Әбден М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде болып, «Отбасы және мансап» атты рухани кешке қатысты. Кеште облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова,  осы комиссияның мүшесі Гүлнар Жұмашева да болды.

Жастармен кездесуде қоғамдағы әйел-аналардың рөліне кеңінен тоқталған Ұлттық комиссия мүшесі әсіресе, заман талабына сай білім жетілдіріп отырудың  маңызы зор екенін айтты.

– Бүгінгі заман – білімдінікі. Сондықтан әйелдер от басы, ошақ қасында қалып қоймай, әрдайым өзін жетілдіріп отыру керек. Отбасы мен қызметті қатар алып жүруден қорықпау керек. Көзі ашық, көкірегі ояу ана баласына дұрыс бағыт-бағдар береді. Жас кезде сапалы білім алып, білімді маман болуға тырысыңыздар, – деді ол.

Шарада «Көшбасшы қыздар» клубының жұмысы таныстырылды. Клуб жетекшісі Гүлжан Мұстафаева ашылғанына көп уақыт бола қоймаған ұйымның атқаратын қызметін баяндады. Мейманға студент жастар сұрақ қойып, өзара ашық диалог алаңын құрды. «Жыр толқын» клубы мүшелері жырдан шашу шашты.

Қ.Әбден Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі жанынан құрылған «Отбасы мектебі» облыстық пилоттық жобасын көрді. Мектеп директоры Айгүл Мұсабаева отбасы, ұстаз, оқушы арасында тығыз байланыс орнатудың маңызын айтты.

Сапар Шиелі ауданында жалғасып, онда аудандық комиссия мүшелерімен, белсенді әйелдермен кездесу өтеді. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығының жұмысымен танысады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<