Балуанның биігі

586

0

Қазақ күресінен өткен жылы «Қазақстан барысы» атанған балуан Мақсат Исағабылов облыстық жастар ресурстық орталығында жергілікті жастармен жүздесті. Кездесу барысында ол қойылған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Менен бұрын ағам күреспен айналысты. Оған қызыға қарайтын едім. Күрестің түрлі әдісін қайталап жүрдім. Осындай арман-мақсатпен үйірме есігін аштым. Балуандық өнердің қыр-сырына қанығудан жалыққан жоқпын. Әрине, әрбір жас адамның алдында көптеген таңдау тұрады. Өмір жолын енді бастап жатқан шақта аяғыңды қия басып, тағдырдың жазуымен түрлі келеңсіздікке ұрынуың ғажап емес. Спорт мені сондай жат әдеттен аулақ болуға тәрбиеледі. Сіздерді әрдайым түзу жолмен жүріп, жақсы істерге жақын болуға шақырамын. Қазір алға қойған мақсатыңды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан қажыр-қайратыңды игілікті істерге жұмсай білгенің дұрыс, – деді ол жастармен жүздесуінде.

Мақсат былтыр республикалық турнир барысында қиын топқа түскенін айтады. Бозкілем үстіндегі тартысты бәсекеге қатысқан 32 балуан екі топқа бөлінген. Қызылордалық балуанға бұдан бұрын «Қазақстан барысында» жеңімпаз және жүлдегер болған қарсыластары тап келді. Сол сәтте сыр берген жоқ. Әрбір қарсыласының олқы соққан тұстарын аңғарып, қателіктерін тиімді пайдалана білді. Осындай шеберлігінің арқасында Сыр өңірінің даңқын аспандатып, бас бәйгеге берілген жүлдеге қол жеткізді.

– Жарысқа  келген  әрбір  спортшы  чемпион атануды алдына мақсат етіп қояды. Ұлттық өнерді ұлықтаған дәстүрлі турнирде мен де жоғары жетістікке жеткенді қаладым. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Ол үшін қаншама жылдар бойы тынбай еңбек еттім. Бапкердің берген ақыл-кеңесіне құлақ түрдім. Тәжірибем толысты. Ендігі кезекте сол тәжірибемді пайдаланып, әлі де бірнеше мәрте жеңіске жетуді алдыма мақсат еттім. Бұл үшін әрбір сәтті тиімді пайдаланып, үнемі бабымда болуға көңіл бөлемін. Жастар – әрбір елдің қозғаушы күші. Олардың арасында елдің сенімін ақтап, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүргені аз емес. Туған жеріміздің көркеюіне әрбіріміз қолдан келгенше үлес қосқанымыз жөн, – деді М.Исағабылов. 

Кездесу барысында балуан жастарға шеберлік дәрісін көрсетіп, қазақ күресінің бірнеше әдіс-тәсілін үйретті. Оларды спортпен айналысуға шақырды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<