Бақытқа жеткізетін жол

616

0

Халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тәмсіл бар. Өмір өрімінде өзінің маңдай терімен абырой биігіне көтерілген азаматтарды көргенде осы лебіз ойыңа оралады. Еңселі еліміздің уығын тіктеп, келешекке қарышты қадам жасауына осындай еңбекқор жандардың тигізген пайдасы ұшан-теңіз. Елімізде қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу мақсатында қолға алған игі істердің бірі – «Еңбек жолы» конкурсы.

Соңғы жылдары аталған конкурс тұрақты түрде өт­кізіліп келеді. Биыл да сол жарасымды үрдіс жал­ғасын тапты. Жақында рес­публикалық деңгейде өте­тін маңызды шараның облыстық кезеңінде еселі еңбек арқылы абыройға бөленген ардақты азаматтар үш номинация бойынша марапатқа лайық деп танылды.

– Конкурс өңірдегі үз­дік ең­бек әулеттері мен өн­діріс жұ­мыскерлерін  ай­қын­дауға мүм­кіндік бе­реді. Конкурс  «Жал­­пыға  ортақ  Еңбек  қо­ғамы» ұраны бойынша өткізі­ліп келеді. Ол еңбек адамы­ның  қоғам­да­ғы  беделін  арт­тыруға және өнімді еңбекті ынта­лан­­дыруға ықпал етеді деген ойдамыз. Конкурс 3 но­ми­нациядан тұрады. Сол арқылы үздік еңбек әулеті, өндірістің үздік жас маманы және жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері анықталды. Бұл азаматтар республикалық ке­зеңге жолдама алды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақов.

Биыл «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша қармақ­шылық Балшыновтар әулеті құр­мет төрінен көрінді. Ел ішінде зор қошеметке бөленген Құдайберген Балшынов ұзақ жылдан бері өңірдің мәдениет саласының да­муына сүбелі үлес қосып келеді. Аудандағы Т.Көмек­баев ауылдық клубын бас­қа­ратын ол – аймақ­тың ру­ханият әлеміне өз қол­таңбасын қалдырған азамат. Бүгінде 54 жасқа толған ел ағасы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының   әуез және мәдени ағарту саласы бойынша тәмамдаған. 1994 жылдан бастап ауылдық әуез мектебінде алдымен бая­нист, одан кейін директор қызметін атқарды. Ал 1997 жылы ауылдық клубқа қыз­мет ауыстырған ол 2014 жыл­дан бері аталған мекемеге жетек­шілік жасап келеді. Өзінің еңбек жолында көптеген марапатқа ие болды.

Өрелі өнер иесі бала жасынан ұлттық құнды­лықпен сусындап өсті. Әке­сі – Жылқыбай ел ара­сында түрлі дастандар мен жыр-термелерді на­қышына келтіре орындайтын ерекше қасиетімен жақ­сы танымал. Оған қоса ағаштан түрлі бұйымдарды жасайтын ұсталығы бар. Анасы – Қанымкүл он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері, алаша, түс­киіз, кілем, киіз, тоқыма бұйымдары халық арасында зор сұранысқа ие. Құдай қосқан қосағы – Нұржамал Байжанова да ауылдық клубта ұзақ жылдан бері түрлі қызметтерді атқарып келеді.

Қазалы теміржол ау­ру­ха­на­сының хирург-дә­рі­гері Сәдуақас Ахмет кон­курстың облыстық ке­зеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына лайық деп танылды. Ақ халатты абзал жан медицина саласында 1993 жылдан бері жемісті еңбек етіп жүр. Бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам хирургиялық ота жасап, қаншама адамның өміріне араша түсті. Денсаулық сақ­тау ми­нистрлігінің бі­рыңғай ұлттық жүйені ен­гізу бағдарламасымен жұ­мыс жасауға көңіл бөліп, бұл бағытта мол тәжірибе жи­нақтады. 2010 жылдан бері аталған ауруханада бөлімше меңгерушісі қыз­метін атқарып келеді.

Білікті дәрігер халық­ара­лық хирургиялық кон­фе­рен­ция­ларға тұрақты түрде қатысады. Үне­мі бі­лімін жетілдіріп отырады. Қазірге дейін жасаған хи­рур­гиялық отасының бар­лы­ғында ешқандай ас­қыну жағ­дайы тіркелген жоқ. Өзінің білімі мен біліктілігінің арқа­сында жұ­мыс істейтін жастар­дың үз­дік тәлімгеріне айналды.

Сырдария ауданында ұстаз­дық қызмет атқа­рып жүрген Жан­сая Залова облыстық ке­зең­де «Өн­дірістің үздік жас ма­маны» болды. Ол қазір аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде информа­тика пә­нінен тәлім береді. Жас та болса өзінің еңбек­қорлық қа­сиетінің арқа­сында көптеген марапатқа ие болды. Еңбек қашанда бақытқа жеткізеді. Ел тәуелсіздігінің тұ­ғырлы болуы ұрпақтың жігерлі жұмыс жасап, Отанды шексіз сүйе білуіне тікелей байланысты. Шын жүрегімен, жан-тәнімен беріле жұмыс істеген адам туған жердің түлеуіне зор үлесін қосады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<