Барша құндылық бастауы білімде

568

0

Білім күні облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, ұстаздар мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Күміс қоңыраудың сыңғырымен мектебіне асыққан оқушыларымыз зерделі, зейінді, зиятты болғай! Көк туымыздың астында, бай да, құнарлы жеріміздің үстінде білімпаздарымыз бен олардың ұстаздарының беделі биіктей берсін! Оқу-ағарту ісі жанданып, кемел біліммен келешекке нық қадам баса берейік! Еркін ойлы, отаншыл шәкірттерді тәрбиелеуді мақсат еткен ұстаз-әріптестеріміздің еңбегі ақтала берсін! Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты іс-шарада білім саласының ардагерлері Шынәлі Нұрпайызұлы, Райкүл Мансұрқызы сөз алып, оқушыларға білім биігін бағындыруына тілектестігін білдірді.

Алғашқы қоңырау соғылған соң облыс әкімінің орынбасары оқушылармен кездесіп, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Айта кетейік, дарынды балаларды даярлайтын білім ордасы 2010 жылы бой көтерген. Бүгінде мұнда 200-ден астам оқушы білім алуда. Өткен оқу жылында 43 түлектің 9-ы «Алтын белгі», 8-і «Үздік аттестат» алды, бітірушілердің барлығы мемлекеттік грант иегері атанды.

Мектеп-интернат биыл республика бойынша «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы» номинациясын иеленіп, ҰБТ нәтижесі бойынша еліміздегі үздік он мектептің қатарына енді.

М.МЕРЕЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<