Баспаналы болуға мүмкіндік көп

487

0

Биыл аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында тиімді тұрғын үй бағдарламалары іске қосылмақ. Соның бірі – «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы 18 бен 35 жас аралығындағы жастарға арналады. Аталмыш бағдарламаға жас мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық қызмет, ішкі істер бөлімі және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатыса алады. Бұл бағдарламаның жүзеге асуына 1,2 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонымен қатар биылдан бастап елімізде алғаш рет «Жасыл ипотека» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – жасыл стандартқа сәйкестендірілген және энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Алғашқы жарнасы 20 пайыз.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Дастан Тасыбаев хабарлады.

– Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен баспаналы болып жатқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Солардың ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекке тұрған 10 мыңнан астам адам үйлі болса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 1 247 азаматтың баспана мәселесі оңынан шешілді, ал «Шаңырақ» бағдарламасымен 6 мыңға жуық жанұя жаңа қонысқа көшті. Биыл да жаңа бағдарламалар жүзеге асырылып, жастардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндіктер қарастырылмақ. Қазіргі таңда баспаналы болуға ниетті азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, биыл enpf-otbasy.kz платформасының көмегімен 487 мыңнан астам адам тұрғын үй сатып алу, ипотекалық несиені төлеу немесе емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланды, – деді «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Дастан Нуриддинұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<