Батырлар жырындағы дәуір үні

2865

0

Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №16, 17 кітапханалардың ұйымдастыруымен «Ел үшін туған ер» атты Қамбар батыр жырынан оқушылар арасындағы байқау «Қызылжарма» ауылдық мәдениет үйінде өткізілді.

Байқаудың мақсаты – ұмыт бола бастаған батырлар жырын, қисса-дастандарды, арнауларды жаттауға өскелең ұрпақты машықтандыру. Жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыру, елін, жерін қорғайтындай азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету.

Батырлар жыры – яғни, қаһармандық эпос халық поэзиясының ертеден келе жатқан көлемді де көрнекті жанрларының бірі. Оның сюжеті күрделі оқиғаларға, шиеленіскен тартысқа құрылатындықтан және қалың бұқараның көкейкесті мақсат-мүддесін, ой-қиялын бейнелейтіндіктен, тыңдаушыны баурап, әсерге бөлейді. Сондықтан да ол қалың бұқараға кеңінен тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұзақ уақыт сақталған. «Қамбар батыр» эпосы да қазақ халқына көптен мәлім, мейлінше кең тараған.

Байқауға Б.Ермекбаев атындағы №271 мектеп, Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназия, А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп, С.Әлжіков атындағы №144 мектеп, №222 мектеп оқушылары қатысты.

Шараны «Қызылжарма» ауылдық округі әкімі Шәріп Әбдірахманов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау екі кезең бойынша өткізіліп, бірінші кезеңі «Жауға шаптым ел үшін…» деп аталды. Бұл кезеңде әр қатысушы өз қалауы бойынша «Қамбар батыр» жырынан үзінді оқыды. Ал екінші «Батырлар – ел қорғаны» кезеңінде «Қамбар батыр» жыры бойынша сахналық көрініс көрсетті.

Байқауға төрелік жасаған қазылар алқасы үзіндіні таңдауына, жырды мәнерлеп оқып әсерлі жеткізе білуіне, сахналық көріністің мәніне, орындаушылық шеберлігіне баса мән берді. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова қазылар алқасының шешімін жариялады. Нәтижесінде бас жүлдеге С.Әлжіков атындағы №144 мектеп оқушылары, бірінші орынға Т.Рысқұлов атындағы №222 мектеп оқушылары, екінші орынға А.Байтұрсынов атындағы №211 мектеп оқушылары, үшінші орынға Б.Ермекбаев атындағы №271 мектеп оқушылары мен Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназия оқушылары лайық деп танылды. Жүлделі орындарға арнайы сыйлықтар беріліп, алғыс хаттар табысталды.

Ш.КҮЛМАҒАМБЕТОВА,

 №16 кітапхананың кітапханашысы,

М.ОРАЗБЕКОВА,

 №17 кітапхананың кітапханашысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<