БАҚЫТТЫ ЕЛДІҢ БАЙТАҒЫ

444

0

Ең алдымен айтарымыз, Астана – идея мен шындық бірлігінің бейнесі. Өзінің төлтумасына балаған Астана қаласы туралы толғауын Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның эко­но­ми­касы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бер­меді…
Қазақстанның Президент­ті­гіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып жатқан өзен болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында – Атырау, Сырдарияның бойында – Қызылорда, То­был­дың бойында – Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» – деп жазады.
Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды. Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев болып саналады. Оның идея­­сы мен ұсыныстарының ар­­қасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тар­тар бірегей келбетке ие болды. Қаланың көптеген ғи­мараттары, ескерткіштері ке­зінде Президент сурет, сызба және нобай түрінде түсір­ген ойлардан алынды. Әлем­нің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білді. Олардың арасында Кисе Курокава, сэр Норманн Фос­тер, Кензо Танге және тағы басқалар бар. Ғимараттардың басым көпшілігі Астананың ең көрнекі орындары мен қаланың өзіндік рәміздеріне айналды.
Мемлекет басшысының сызбасы бойынша Астананың және бүкіл елдің ең танымал бренді – «Бәйтерек» бой көтерді. Ол елорданың жаңа бөлігінің дәл орта тұсында орналасқан. Оның басынан бүкіл қаланың әсем көрінісі көзге шалынады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің суреті мен сызбасы негізінде «Хан Шатыр» бірегей сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен Forbes Style журналы нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді. Дүкендер мен павильондарға қоса, мұнда кинотеатр, көптеген аттракциондар, сұлулық салондары, тіпті аквапарк та бар. Мемлекет басшысы ойластырған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаев пирамида түрінде арнайы сарай салуды ұсынды. Бұл идеяны Норман Фостер табысты жүзеге асырды. Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы – Астананың сәулеттік ансамблінің бөлінбес бөлшегі. Президент мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы және Астананың өзге де сәулетті ғимараттары да алдымен Нұрсұлтан Назарбаев сызған жоба түрінде пайда болған еді.
Мемлекет басшысы – Астана құрылысына тікелей қатысушы. Президент жұ­мыстардың қарқынын, ең бастысы – сапасын үнемі қа­дағалап отырады. Еуропадан Азияға апаратын жолдар қиылысында қолайлы орналасуы еліміздің астанасын еуразиялық кеңістіктің жаңа орталығына айналдырды. Бүгінде Астана аумақты өңірдің ең әсем қаласына, оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналды. Бұл батыл, әрі тұлғалық қуатты қажет ететін тарихи шешім еді.
Астана бүгінде елдік, билік символы болып қана қойған жоқ, өзі де символдар қаласына айналды. Астана арқылы Елбасы тек Қазақстанға ғана емес, аймаққа, әлемге әйгілі саяси тұлға ретінде танылуда. Астана – қазақ елінің өрісін, тынысын, мүмкіндігін ашты. Астана – қазақ елінің бренді атанды. Астана – саяси биліктің тың өрісі, ал саясат үнемі жаңалықты талап ететін феномен. Саясат ағын су тәріздес, сонда ғана ол тазарып отырмақ. Астанада жаңа саясат негізі қаланды. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек.
Астана – тәуелсіздікке пассио­нарлық қуат берді. Астана идеяның шындыққа айналғаны. Астана еліміздің өлшемі, ізденісі, болашақ тура­лы арманы, қиялы, бү­гінгі болмысы. Астана маз­мұны жағынан орталық деген ұғымды білдіреді, яғни, ол егеменді елдің еркін аза­маттарының ұлы мақсатқа орай топтасуы. Астана жаңа қала, жас қала. Астана жаңғыру қаласы. Ол ескіден кету, арылу, жаңаға жету мақсатындағы серпілістен туған идеяның шындығы.
Нұрсұлтан Назарбаев Аста­на­ның 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді:
«Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда – біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, ди­намикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Ас­тана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға ай­­нал­ды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, ха­лықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның бар­лық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар дос­тығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».
Ғазиза ҚАЙЫРБАЙ,
облыстық  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<