Бір тудың астында

736

0

Биыл қазақ халқы ұлттық мереке – Республика күнімен қайта қауышқанын білеміз. Мерейлі сәтті атап өту бағытында көптеген ауқымды шаралар жүзеге асты. Солардың бірі – «Бір тудың астында» атты жалпыұлттық патриоттар акциясы. 25 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Сырбойылықтар да өнегелі бастамаға өз үнін қосып, мерейлі мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. «Рәміздер алаңында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалды.

Акцияға 2 мыңнан астам тұрғын қатысып, жиынның тарихи мәнін арттырды. Сонымен қатар, мерейлі сәтке құқық қорғау органдарының мамандары, мемлекеттік қызметшілер, ҮЕҰ өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

Аймақ басшысы елордада бастау алған патриоттық акция Сыр елінде қолдау тапқанын атап өтіп, мерекелік лебізін жеткізді.

– Республика күні әлем елдері үшін айрықша мереке болып саналады және көбісінде ұлттық мереке ретінде бекітілген. Бізде де 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл декларация – Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы болды. Ұлттық мәні бар бұл құжаттың Кеңес одағынан түпкілікті қол үзбеген сәтте қабылдануы – азаттығымызға ұмтылған батыл қадам еді. Ұлтты ұйыстырған ұлттық мереке күні,  Елордамыз Астанада Президентіміздің қатысуымен Мемлекеттік Туымыз көтеріліп, Гимн орындалуда. Осындай жалпыұлттық патриоттық акция еліміздің барлық аймағында өтуде. Бұған біздің сырбойылықтар да өз үлесін қосуда. Қасиетті де киелі Сыр өңірі өркендеп, қарыштап, дами бергей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, еліміздің еңсесі биік, халқымыз аман болғай, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы тарихи мәні терең, идеологиялық жүгі жоғары мерейлі мерекеде біршама жағымды жаңалықты бөлісті. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта бірқатар жаңа әлеуметтік, кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілген. Оған қоса, ел дамуына ерекше үлес қосқан жандардың мемлекеттік наградамен марапатталғанын айтып, азаматтардың еңбегін көпке үлгі етті.

Сондай-ақ, іс-шара барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлердің салтанатты түрде ант беру сәтіне куә болдық. Ал өнерпаздар патриоттық тақырыптағы ән орындап, қала тұрғындарының көңілін серпілтті. Жиын соңы 25 көліктен тұратын автошерумен аяқталды. Әрбір автокөлікте еліміздің көк байрағы желбіреді.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде Республика күні аясында көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, қала, аудандарда түрлі әлеуметтік және спорттық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 80 cпорт-ойын алаңы, 40 автобус, «Оқушылар үйі» мен жаңа балабақша бар.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<