Бірлік пен бақ қаласы

472

0

Қызылорда күні ерекше салтанатпен қорытындыланды

Қала күніне орай Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда гала-концерт өтті. Мерекелік шараға жиылған қала тұрғындарын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады. Аймақ басшысы Сыр елінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға, аймақ жетістіктеріне тоқталды.

– Аз уақыт ішінде өңірге 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша Сыр елі аймақтар арасында алдыңғы қатарға шықты. Таяуда ғана ел ағаларымен бірге жаңа «Неке сарайының», «Өнер орталығының», сол жағалау бойынан Қан орталығының іргетасын қаладық. Қала аумағын жылумен және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаваттық бу-газ орталығы құрылысының капсуласын салу рәсімін өткіздік. Сүйікті қаламыздың өркендеуіне тілектес, шынайы жанашыр, меценат азаматтарымыз ортақ іске бірігіп, әлеуметтік нысандар салу ісіне демеушілік танытуда. Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынатын болды. Сондай-ақ, белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы басталды, – деді Н.Нәлібаев.

Орталық атқарушы органдармен бірлесіп жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласынан құны 36,4 млрд теңгені құрайтын көпсалалы аурухана, емхана салынатын болды. Келер жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 750 млн теңге қаржы қаралуда. Ал, білім саласында жаңа мектептер салуға 19 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Тұтастай алғанда, биыл республикалық бюджеттен субвенция көлемі 185 млрд теңге болса, келер жылы екі есеге ұлғайып, 394 млрд теңгеге жететін болады.

– Қала күні мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасқан думанды басқосулар берекелі күздің Алтын дән мерекесімен жалғасуда. Ризық-несібесін жерден терген дала еңбеккерлері су тапшылығының қиындығына қарамастан, 188 500 гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 78 500 гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алды. Ала жаздай төккен тер мен аянбай еткен еңбектің жемісін көрген барша диқан қауымның жанкешті еңбегіне аймақ жұртшылығы атынан алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі.

Мерекелік шара өңірдің қарқынды дамуына түрлі салада өз үлестерін қосып жүрген «Еңбек озаттарының» шеруімен басталды. Озаттар шеруін ұлағатты ұстаздар – республикалық Үздік педагог байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері бастады. Сондай-ақ, озаттар легін ақ халатты абзал жандар, жоғары біліктілік санаттағы медицина, мәдениет және спорт майталмандары, ақпарат саласының үздіктері жалғастырды.

Концертте саналы ғұмырын Қызылорданың өсіп-өркендеуіне арнап, кейінгі буынға лайықты үлгі-өнеге болған азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, білім саласының ардагері Қадыр Әмзеев, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі фототілші Болат Омарәлиев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы Сұлтанбек Тәуіпбаев, ақын, сазгер Елена Әбдіхалықова, әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Бақтияр Тайлақбаев, дәрігер-стоматолог, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Әбдіғаппар Қарқымбаев, дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Сәбит Әбдіраймов және «Ер-Ару и К» ЖШС-ның басшысы Нұркен Бақытбекұлына «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Құрметті азаматтардың марапатын қала әкімі Асылбек Шәменов және қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев табыстады.

Мұнан соң мерекелік шара әсем әнге ұласып, айтулы кештің қонақтары Қызылорда қаласының құрметті азаматтары, ақын-сазгер Елена Әбдіхалықова және әнші Бақтияр Тайлақбаев ән шырқады. Бұдан бөлек, концертте жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетіп, мерекелік думанды 12 мыңдай адам тамашалады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<