Бизнес – басты назарда

648

0

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірде шағын және орта бизнестің 74 проценті жұмысын тоқтатқан. Бүгінде аймақ экономикасының өсімін қайта қалпына келтіру және шағын және орта бизнес субъектілеріне жәрдем беру мақсатында түрлі шаралар қабылданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов хабарлады.

– Өңірде 51 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісіне салықтық жеңілдіктер қарастырылып, 9 мыңға жуық кәсіпкер әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйе­сіндегі төлем­дерден босатылды. Сондай-ақ, 8 мыңға жуық кәсіпкердің несие төлемдері осы жылдың 15 маусымына дейін кейінге шегерілді. Қазіргі таңда, банктермен және микроқаржы ұйымдарымен несие төлемдерін шегеруді 15 қыркүйекке дейін ұзарту жұмыстары жасалынуда. Оған қоса қайтарымсыз гранттар беру бағытына қосымша республикалық бюджеттен 49 млн теңге, ал “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында шағын несиелер беруге 28,5 млн теңге қаражат тарту мәселесі пысықталуда, – деді басқарма басшысы.

 Айта кету керек, бүгінде бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалану үшін аймақтың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары әзірленді. Жоспардың негізгі басымдығы – шағын және орта бизнес жобаларын дамыту және қолдау. Онда бизнеске тауарлар мен тамақ өнімдерін өндіру бойынша экономиканың түрлі салаларындағы 270-ке жуық жобаны іске асыру қарастырылған.

Жалпы биыл 1800-дей адам жұмыспен қамтылатын жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын 95 жоба іске асырылуда. Бүгінгі күні 14 банк және қаржы ұйымдары арқылы жұмыс жасалуда.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<