Болашақ бүгіннен басталады

686

0

«Болашақ» жоғары колледжінің ұйымдастыруымен Сол жағалаудағы ғимараттың атриум залында «Ашық есік» күні өтті. Оған қаламыздағы мектептердің 9-сынып оқушылары мен сынып жетекшілері қатысты.

Шараның мақсаты – қала мектептерінің түлектерін колледж мамандықтарымен таныстыру, материалдық–техникалық база әлеуетін көрсету, колледжге білім алуға шақыру. Шара аясында қатысушылар назарына алдымен «Мамандығым-мақтанышым» тақырыбында көрме ұсынылды. Сонымен қатар, «Ашық есік» күніне қатысушы оқушылар топқа бөлініп, оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасымен танысты.

– Біздің колледжде сыныптан тыс шараларға көп көңіл бөлінеді. Түрлі бағытта жұмыс істейтін үйірме мен спорт секциялары бар. Студенттер ән салады, би билейді, музыкалық аспаптарда ойнайды, спортпен де айналысады. Сондай-ақ, бізде өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс істейді. Колледждің оқу ғимараты заманауи құрылғылармен толық жабдықталып, оқу кабинеттері оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. Заманға сай лайықталып салынған жаңа ғимарат пен студенттерге арналған жатақхана пайдалануға берілді.

Болашақ маман үшін ең маңызды нәрсе ол – практика. Студенттер мемлекеттік білім мекемелерінің базасында мектептерде, балабақшаларда практикадан өтеді және онан өздеріне қажетті білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинап шығады, – дейді колледж директоры Венера Жұбаниязова.

Мамандық таңдау – маңызды іс. Бастысы, әр бала өзінің қарым-қабілетіне сай мамандықты таңдауы керек. Білікті маман иесі атану үшін адам көп білім алып, ізденіс үстінде болу қажет.

Шара соңында колледж басшылығы қатысушыларға алғыс білдірді. Ал «Ашық есік» күніне келген оқушылар ойларын жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<