«Даму» даңғыл жол ашқан жобалар

590

0

Аймақтың орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан салаға қолдау көрсету – мемлекеттің басты қызметі. Сыр елінде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламалар арқасында бизнесін одан әрі дамытып жатқан кәсіпкерлер бар. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз турында қор қолдауымен қанат жайған сондай кәсіпорындар жұмысымен таныстық

Облыс кәсіпкерлері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда. Сондай кәсіпкерлердің бірі – Жұмабек Сәдуақасов. 2006 жылдан бері брусчатка, бордюр секілді құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын ол өткен жылы кәсібін кеңейтуді қолға алған.

– Мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік сыйлады. Біз де сондай мүмкіндікті пайдаланып, 2021жылы «Сбербанктен» «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында субсидиялау құралы бойынша қолдау алдық. Қазір ісіміз жүйелі, жұмыс ойдағыдай жүруде. Бастысы, тапсырыс көлемі жеткілікті, – дейді кәсіпкер.

«CT-KZ» түріндегі тауардың шығарылған жері туралы сертификат алғаннан кейін өнімге түрлі мекемелерден тапсырыс көптеп түсе бастаған. Сондықтан, өнімділікті арттыруды мақсат еткен кәсіпкер қаражатты жүк көлігі, басқа да техникаларды алуға бағыттағанын айтады. Осылайша, өз бизнесін толығымен автоматтандырған. Сәйкесінше өндіріс көлемі де артқан. Кәсіпорын күніне 3 мың данаға дейін брусчатка шығаруға қауқарлы.

Бүгінде кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалып, тіпті ыстық тамақпен де қамтылған. Өндіріс орны тас төсеніштер, жиек тастар, қабырға материалдарын шығаруға қажет құм мен тасты, басқа да қажетті шикізаттарды облыс аумағынан алады. Ал өндіріске қажет цемент «Гежуба Шиелі Цемент» зауытынан. Жұмабек Сәдуақасов алдағы күндердің еншісіне белгілеген жоспарлар да көп екенін айтты. Орайы келсе, кәсіптің көкжиегін кеңейтуді ойлайды.

Иә, шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі арта бермек. Ол жаппай кәсіпкерлікке серпін береді. Кәсіпкерлік сектордың дамуына әсер ететін ауқымды бағыттың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Бұл мемлекеттік органдар мен жекеменшік сектордың қоғам игілігі үшін атқарылатын жұмыстарда ынтымақтастық орнату арқылы жүзеге асырылады. Облысымызда да ұтымды әрі тиімді тәсілдерді игеру қолға алынып отыр.

Жалпы алғанда, бүгінде облыста МЖӘ үлкен әлеуетке ие. Соның бір мысалы – білім саласында жұмыс істейтін «BAUER group» ЖШС. 2020 жылы несие және өз қаражаты есебінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне сәйкес кәсіпорын «Сыр перзенті» мектепке дейінгі білім беру орталығын салды.

Бүгінде «Сыр перзентінде» 320 бала тәлім алуда. Балабақша құрылтайшысы Бауыржан Еркебаевтың айтуынша, жобаға «Басымдыққа ие жобаларды несиелендіру механизмі» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру құралдары бойынша «Даму» қоры қолдау көрсеткен.

2-5 жас аралығындағы балалар қамтылған балабақшада барлық жағдай жасалған. Жабдықталған музыка залы, хореография залы, ағылшын сыныбы бар. Кең асхана, медициналық кабинет, тартымды ойын алаңы балаларды ғана емес, ата-аналарды да қызықтырады. Штатта 51 адам жұмыспен қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, баланың жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған.

Мемлекет қамқорлығы мен өз мүмкіндігін ұштастыра білген қызылордалық кәсіпкерлердің бірі – Алтынай Елеусізова. Кондитерлік өнерді бизнеске айналдырып, ұзақ жыл осы салада жұмыс істеп келе жатқан ол тәттілердің түр-түрін жасайды.

Кәсіпкер 2021 жылы бұрын құрал-жабдықтар алу мақсатында алған несиесін қайта қаржыландырып, өндіріс цехын сатып алған. Жобаға «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша субсидиялау құралы арқылы қолдау көрсетілген.

Бизнесінің ауқымын кеңейтіп, қолға тиген несиеге торттар мен тәттілерді пісіретін заманауи пештер мен қажетті құрылғыларды алған кәсіпкер өзінен бөлек тағы 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кондитерлік цех қызметкері Гүлмира Тоятованың айтуынша, жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. «Даму» қоры қолдауының арқасында кәсіпкер жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несиесін өтеуде.

Бүгінде торттардың, шайға арналған тәттілердің түр-түрін пісіретін кондитерлік цехта өнім бағасы да қалтаға қонымды. Аймақ халқына өнімін өткізіп, елдің ықыласына бөленуде. Әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыстар қабылдайтын кондитерлік шағын цех басшылығы алдағы уақыттарда жұмысының ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуді де жоспарлап отыр.

«Даму» қоры демеген тағы бір жоба – «Шырақ» офтальмологиялық орталығы. Қызылорда облысына ғана емес, өзге өңірлерге де жақсы танымал орталық көздің көру қабілетін зерттеу бойынша қызметтің барлық түрін, көз жанарының рефракциясы, көздің алдыңғы бөлігіне биомикроскопия және тағы басқа қызметтер көрсететін аймақтағы жалғыз клиника. Клиника қысқа мерзім ішінде үлкен нәтижелерге қол жеткізді.

2016 жылдан бастап 2 жобаға қатысты. Біріншісі, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 14% үстемемен несие рәсімдеді және пайызды субсидиялау бағдарламасының көмегімен кәсіпкердің несие ауыртпалығы  екі есеге төмендеді. Несие қаражатына клиникада қызмет түрін көбейтуге мүмкіндік берген көздің микрохирургиясына арналған ең соңғы үлгідегі жоғары технологиялық хирургиялық құрылғы сатып алынған.

Сондай-ақ, клиниканың заманауи медициналық орталығының құрылысы жобасы да қолдау тауып, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдендіру көмегін алды. Мемлекет көмегі арқасында бизнесті дамыту бойынша өз жоспарын жүзеге асырды.

Бүгінде «Шырақ» офтальмологиялық орталығы кеңес беруден бастап көздің кемшілігін түзетуге дейінгі біршама қызмет түрлерін көрсетеді. Орталық тек жоғары санаттағы сапалы қызмет көрсететін білікті мамандардан құралған. Осының арқасында өз емделушілерінің сенімінен шығып, клиника аймақта үнемі үздіктер қатарынан көрінуде.

«Даму» қоры қолдауымен кәсібін кеңейткендер мұнымен шектелмейді. Қор түрлі саладағы кәсіпкерлердің бизнесіне даңғыл жол ашуда. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы директоры Жомарт Ермағанбеттің айтуынша, биыл төленген субсидия көлемі
1 млрд 881млн теңгені құрайды.

– «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын кредиттеу тетігі шеңберінде облыс кәсіпорындарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша қолдау көрсетілуде. Айталық, осы уақытқа дейін облыс кәсіпкерлерінің 4500-ден астам жобасының жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеден астам несиелерінің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. Сондай-ақ аймақ кәсіпкерлерінің жалпы сомасы 50,9 млрд теңгені құрайтын 3200-ден астам жобасына «Даму» қорының кепілдігі берілді, – дейді Ж.Ермағанбет.

Ал жыл басынан бері қор жалпы сомасы 15,7 млрд теңгеден астам 848 жобаға субсидиялау түрінде, кредит сомасы 10,2 млрд теңгеге 990 жобаға кепілдік беру түрінде қолдау көрсеткен. Бұның бәрі мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Шағын және орта бизнесті дамыта отырып жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады. Қор қолдауын ұтымды пайдаланған Сыр өңірінде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<