Дүние дүрмек

371

0

Әрбір бесінші адам

БҰҰ-ның  бес мамандандырылған мекемесі әзірлеген азық-түлік қауіпсіздігі бойынша жаңа баяндамаға сәйкес пандемия, экстермалды ауа райы және шиеленістер, соның ішінде Украинадағы соғыс салдарынан 2019 жылдан бері әлемде ашыққан адамдар саны 122 млн адамға артқан.

«Жаһандық пандемиядан кейін бәрін біркелкі қалпына келтіру мүмкін болмады, ал Украинадағы соғыс азық-түлік пен дұрыс тамақтануға кедергі келтірді. Климаттың өзгеруі, қақтығыстар және экономикалық тұрақсыздық салдарынан маргиналды топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиынға түсіп жатыр. Біз әдеттегі жұмыс әдістерінен бас тартуымыз керек» деп атап өтті  БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры.

Баяндамада 2022 жылы 691 миллионнан 783 миллионға дейін адам ашыққаны айтылған. Бұл COVID-19 пандемиясы басталғанға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 122 млн адамға көп. Ең қатты зардап шеккен аймақ – Африка, құрлықта әрбір бесінші адам аштыққа ұшырайды.

Әлемдік көшбасшы болады

COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен Қытай кинонарығы 2023 жылы қарқын алып, 2025 жылға қарай әлемдік көшбасшы болады. 2027 жылы елдегі кинотеатрлардағы кассалық алым 13,2 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Сондай-ақ 2027 жылға қарай Қытайдың ойын-сауық индустриясы мен БАҚ-тың жалпы кірісі шамамен 479,9 миллиард АҚШ долларына жететіні есептелген. Ал интернет-жарнама нарығының көлемі 146,4 миллиард АҚШ долларына жетеді.

Қытай қазірдің өзінде әлемдегі ең ірі видеоойындар мен электронды спорт нарығына айналды. Бұл саланың кірісі 2027 жылы 115,5 миллиард АҚШ долларына жетеді.

Бағалы тас табылды

Канар аралының жағалауына шығып қалған өлі кашалоттың ішінен құны 500 мың еуроға бағаланатын бағалы тас табылды.

Лас-Пальмас университеті Жануарлар денсаулығы және азық-түлік қауіпсіздігі институтының басшысы Антонио Фернандес Родригес сүтқоректінің өліміне не себеп болғанын анықтамақ болған. Кашалоттың ас қорыту жүйесінде проблема болу мүмкін екендігіне күдіктенген ол оның ішінде қатты бір заттың тұрып қалғанын анықтаған.

«Ішінен диаметрі 50-60 см, салмағы 9,5 келі болатын тасқа ұқсайтын зат алдым» деді ол. Ғалым тапқан зат қалқымалы алтын деп аталатын өте сирек кездесетін сұр амбра болып шықты. Құны шамамен 500 мың еуро тұрады.

Кит кальмарлар мен теңіз құрттарын өте көп жейді. Сүтқоректі олардың бәрін қорыта алмай құсып тастайды. Бірақ, біразы киттің асқазанында қалып, жылдар өте келе сүр амбраға айналады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<