Екпеден кейін демалыс алуға бола ма?

671

0

Індеттің ілмегіне ілінгендер азаяр емес. Сәт сайынғы статистика осыны айғақтайды. Өңірдің өзінде 16 сәуірдегі мәлімет бойынша 75 жағдай тіркелді. Облыстағы бір ауданның «қызыл аймаққа» енуі де алаңдатарлық. Мұнда сәуір айының 13 күнінде 43 дерек анықталған.

Ахуалға байланысты ауданда шектеу шаралары, оның ішінде карантинді күшейту жұмыстары жү­руде. Ал, екпеге тоқталатын болсақ, облыс бойынша I компонентті 15576, II компонентті 3597 адам алған. Дегенмен, әлі де вакцина алу­ға қарсы тұрғындар жоқ емес. Бұған медицина саласының мамандары не дейді?

Олар екпе алғаннан кейін әрбір тұрғын дәрігер бақылауында болатынын және бұл уақытқа де­йін ешқандай шағым түспегенін айтады. Медицина саласының арда­гері Үрмия Бейсова ұжымдық им­мунитет қалыптастыруда вакци­наның маңызы зор деген пікірде. Алғашқылардың бірі болып екпе салдырған Салтанат Қалмырзаева да «Өкінішке қарай, көпшілік әлі күнге дейін екпеге күмәнмен қа­райды. Бұл ретте кәсіби маман­дардың кеңесіне құлақ асу қажет. Мен  алғашқылардың бірі болып екпе салдырған медицина қызмет­керімін. Денсаулығымда ешқандай кінәрат болған жоқ. Бастапқыда сәл ауырсыну болды. Бірақ, бұл қалыпты жағдай» деген ойын біл­дірді. Сондай-ақ, Салтанат вакци­надан кейінгі күтімге ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Екпе сал­дырғаннан кейін 3 күнге дейін шо­мылуға болмайды, алкогольді сусын ішпеген дұрыс. Өйткені, бірінші компонентте 26 серотин болса, екінші компонентте 5 серотин бар. Бұл микроорганизмдер ағзаға әсер етеді. Жылы суды көп ішіп, физи­калық қозғалысты азайтқан абзал.

Бұдан бөлек, ел арасында «Вакцинадан кейін демалыс алуға бола ма?» деген сауал туындауда. Оған жақында ҚР Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-министрі жауап берді.

– Вакцинадан кейін қандай да бір жанама әсер пайда болған жағдайда арнайы 30 минут бе­ріліп, адам бақылауда болады. Дәрігерге жүгіну керек, симптомдар білінсе, еңбекке жарамсыздық па­рағын аштыра алады. Мұның бәрі жеке-жеке қаралады. Ал, вак­цинадан кейін барлығына жап­пай демалыс беру мәселесін қа­рас­тыру тиімсіз деп ойлаймын, – деді Ержан Біржанов Орталық комму­никациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Елімізде ахуал күрделі болған­дықтан, індет­пен күрес қарқынды. Аймақтың бас мемлекеттік сани­та­риялық дә­рі­гері Динара Жаңабер­генова да тұр­ғындарды сақтықты естен шы­ғармай, карантин талап­тарын ат­тамауға шақырады. Бұл ретте жоғарыда айтқан вакцинаның мәні зор дер едік. Оны алу өз еркіңізде. Десе де, қауіпті сейілту үшін маман кеңесіне құлақ түрген абзалырақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<