Еленаның елеулі жетістігі

907

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның «Australian Open-2023» турнирінде жеңіп алған күміс медалі отандық спорттағы елеулі оқиға болды.

Кейінгі жылдарда айдай әлемге Қазақстанның атын кеңінен танытып жүрген талантты теннисші финалда беларусь Арина Соболенкоға есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты. Десе де, бұл – ел спорты тарихындағы жоғары жетістік. Қазірге дейін мұндай зор табысқа қол жеткізген ешкім болған жоқ.

Финалдық кездесу аса тартысты өтті. Қарсылас та осал емес. Беларусь спортшысы – теннисте талай бәсекенің көрігін қыздырған саңлақ. Екеуі де беделді бәсекенің ақтық сынында алғаш рет бақ сынады. Қай-қайсының да жеңісті қолдан бермейтіні анық еді.

Алғашқы сетте Еленаның айы оңынан туды. Қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсіп, жеңістің ауылын жақындатып қойды. Дегенмен бұдан кейін беларусьтік теннисші жинақы қимылдап, екінші сетті 6:3 есебімен өзінің пайдасына аяқтады. Нәтижесінде таразы басы теңесті. Енді қорытынды үшінші сетте де Аринаның арыны қатты болды. Нәтижесінде үшінші сет беларусьтік теннисшінің пайдасына 6:4 есебімен аяқталды. Финалдық кездесу  2,5 сағатқа созылды.

Айта кетсек, аталған турнирде Елена Рыбакина қаншама тәжірибелі қарсыласымен шеберлік байқасты. Олардың қатарында румыниялық Сорана Кырсти, чехиялық Каролина Плишкова, словениялық Кайя Йуван, АҚШ елінің өкілі Даниэль Коллинз, польшалық Ига Швентек, латвиялық Елена Остапенко, беларусьтік Виктория Азаренко сынды шеберлер бар. 

Бұған дейін Елена Рыбакина ешқашан «Australian Open» турнирінде мұндай жетістікке жетіп көрген емес. Үздік көрсеткіші – 2020 жылғы турнирдегі үшінші раунд болатын.

Жоғары табысының арқасында қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына кірді. Мельбурндағы жоғары жетістігі үшін Елена 1300 рейтингтік ұпайды еншіледі. Сондай-ақ, ол 1,12 миллион доллар сыйақыға қол жеткізді.

«Australian Open-2023» турнирі 1905 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ол «Үлкен дулыға» турнирлері қатарына жатқызылады. Жылма-жыл қаңтар айының ортасында өткізіледі.

Елена Рыбакина 2022 жылы Лондон қаласында өткен «Уимблдон» турнирінде бас бәйгеге қол жеткізіп, қазақстандық жанкүйерлерді жеңісімен қуантқан еді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<