Елімнің бақытын тербеткен

2032

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ғалымдар, ақын-жазушылар және жас оқырмандардың қатысуымен  «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» атты танымдық кеш өткізілді.

Мерекелік жиынды кітапхана басшысы Нұрлыбек Мыңжас құттықтау сөзімен  ашып, ел Тәуелсіздігінің тарихи маңызына қысқаша талдау жасады.

– Тарихқа шолу жасайтын болсақ, елімізде жалпы 700-ге жуық ірілі-ұсақты көтерілістер болған екен. Оның бәрі – азаттықты аңсау жолындағы талпыныс пен тәуекелдің көрінісі. Кешегі Алаш арыстары да ұлтымыздың рухани бостандығы жолында жанын құрбан етті. Осындай сан алуан сындарлы шақтан аман өткен еліміз бүгінгі таңда әлем мойындаған әлеуетке ие болды. Сондықтан Тәуелсіздіктің бағасын біліп, оның баяндылығы мен тұрақтылығын сақтау – бүгінгі ұрпақтың борышы, – деді ол.

Экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайбергенов жиынға қатысқан жастарға өзі тәрбиесін алған, кешегі кеңес өкіметінің идеологиялық саясатының артық-кем тұсы жайлы әңгімелеп берді. Ал №140  мектеп директоры, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында қабылданған саяси маңызды шешімдер мен іске асырылып жатқан бағдарламалар туралы тарқатып айтты.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда,  Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары, ақын Мақсат Дауылбай, ерікті жастар ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібай  тақырып аясында ой-пікірлерін ортаға салып, ел ертеңі үшін әр адамның өз ісін жете меңгеріп, еселі еңбек етуі маңызды екенін айтты. Ақын Мақсат Дауылбай толғанысын өлең шумақтарымен жеткізді.

М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 2 курс студенті Нұргелді Өтепберген М.Шаханов, Қ.Сарин сынды ақындардың «Желтоқсан оқиғасын» арқау еткен өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, облыстық кітапхана жанындағы «Жауқазын ғұмыр» шығармашылық тобы Тәуелсіздік тақырыбын жырға қосты.

Шара барысында оқырмандарға деректі бейнебаян көрсетіліп, «Азаттықтың ақ таңы» атты кітап көрмесі ұсынылды. Шараны облыстық кітапхана оқу залының сектор меңгерушісі Шолпан Сәдібекова жүргізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<