Еңбекке қарай іс өнеді

639

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтарды бөлісті.

Аудан әкімі жеткізген жаңалықтың бірі – газдандыруға қатысты. Бұған кейін Тереңөзек кентінің «көгілдір отынмен» толық қамтылғаны белгілі. Енді Сырдариядағы бірқатар елді мекендерге газдандыру жұмыстары жүргізілмек. Мысалы, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған елді мекендеріне газ тарту үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім ұсынылған. Бүгінде Қалжан ахун ауылына газ құбырын тартуға 298 млн теңге бөлініпті.

Сондай-ақ аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық сала бойынша оң динамика барын айтты.

– Былтырғы жыл біздің аудан үшін береке мен бірлікке толы болды. Арнайы тоқталар болсам, аудан бюджеті 13,1 млрд теңгені құрап, оның 73 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі 4,3 есеге ұлғайса, өңдеу саласы 55,9 пайызға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі толық орындалып, инвестиция 219, тұрғын үй құрылысының көлемі 1,9 пайызға артып отыр. Кәсіпкерлік саласы бойынша 500 жобаға 3 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетіліп, соның негізінде 450-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Рас, былтыр су тапшылығы шаруашылықтарды әбігерге салды. Аймақ басшысы мәселені дер кезінде шешіп, облыстық бюджеттен 198 млн теңге бөлінген болатын. Соның арқасында 6 канал тазаланып, 12 су насосы алынды. Айта кетейін, аудан бойынша 33 мың гектарға егін егілді. Оның ішінде күріш 21 мың гектар болса, күзде барлығы 133 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Америка, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстанға 16 мың тонна ақ күріш экспортталды. Өздеріңізге белгілі, Сырдария ауданы облыстағы ауыл шаруашылығы саласында «Үздік аудан» атанып, өткен жылды айтулы нәтижемен қорытындыладық, – деді М.Ергешбаев.

Әкімнің айтуынша, күріштен бөлек, 1019 гектар жерге картоп, көкөніс пен бақша егіліп, 25 мың тоннаға жуық өнім алынған. Сондай-ақ өңір экономикасының негізгі резервінің бірі – мал  шаруашылығы да тұрақты дамуда.

Былтыр Сырдария ауданында құрылыс жұмыстарын атқаруға мемлекеттен 2 млрд теңге қаржы қаралған. Екі спорт нысанының құрылысы жүргізілді. Бесарық ауылындағы спорт кешенінің жұмысы биыл аяқталмақ. Ал Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» аясында демеушілердің қолдауымен 6 ойын алаңы салынған. Сонымен қатар аудан орталығындағы А.Әлиакбаров көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер абаттандырылды.

– Былтыр автомобиль жолдарын жөндеуге 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 23 жоба іске асты. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 133 млн теңге қаржы бөлініп, 9 шақырым жол жөнделді. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 11 жобаны жүзеге асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 887 млн теңге бөлініп, Ақжарма және Н.Ілиясов ауылындағы көшелерді жөндедік. Биыл да елді мекендердің ішкі көшелерін және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 21 жоба қаралған. Оған 942,2 млн теңге бөлініп отыр. 11 жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен іске асатын болса, қалған 10 жобаға облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Аудандық маңыздағы «Қызылорда-Қоғалыкөл-Шіркейлі» жолын аяқтау жоспарлануда. Ауылішілік көшелерден бөлек, Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қосатын «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолы 1,3 млрд теңгеге жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, ел арасында «Шаған жолы» атанған «Шымкент-Самара-Тереңөзек» жолы да қайта жаңғыртылады. Ауыл жолдарын жөндеу басты назарымызда болады, – деді аудан әкімі.

Халыққа ең басты қажеттінің бірі – электр жарығы. Биыл Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Қоғалыкөл елді мекендерін электрмен жабдықтау үшін 1,6 млрд теңге қаржы бөлініпті. Енді мұндағы электр желілері 100 пайыз ауыстырылмақ. Сонымен қатар, Шаған ауылындағы электр желілерін қайта жаңғыртуға 1,1 млрд теңге қаралған.

Сырдария ауданы ауызсу жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Бірақ 2006 жылы салынған кейбір елді мекендердегі су құбырлары ауыстыруды қажет етеді. Мысалы, Тереңөзек кентімен қатар, Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарында осындай кемшіліктер жоқ емес. Аудан әкімінің айтуынша, биыл кентегі 10 көше, сондай-ақ жоғарыда аталған үш ауылдың 10 көшесінде су құбырлары жаңартылады. Іңкәрдария, Шаған және Тереңөзек кентіне су мұнараларын сатып алу үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.

– Құрылыс жұмыстары тоқтамайды. Аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтеді. Тереңөзек кентіндегі спорт клубы, А.Тоқмағамбетов пен Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекет қайта жаңғыртылатын болады. Тағы бір жаңалық, Президент қолдауымен қабылданған «Жайлы мектеп» жобасына аудан орталығынан 300 орындық жаңа мектептің құрылысы да еніп отыр, – деді өз сөзінде Мұрат Нәлқожаұлы.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<