Еңбекпен шыңдалған арулар

507

0

Түрлі салада ерлермен тең түсіп, қызмет етіп жүрген нәзік жандар көп. Олардың бірі теміржолда жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, енді бірі төтенше жағдай кезінде кездескен қиындыққа төтеп береді. Мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметіне әртүрлі саланың арулары қонаққа келіп, брифинг берді.

Кез келген қиын сәтте сақадай сай, дап-дайын тұратын төтеншеліктердің қызметі тәулік бойы жалғасады. Мұндай салада ерлермен иық тірестіре жұмыс істейтін арулар да жетерлік. Айталық облыстық төтенше жағдай департаментінде қызмет ететіндердің 20 пайызы әйел. Департаменттің  өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің азаматтық қорғау подполковнигі Сымбат Абдуллаеваның бұл салада еңбек еткеніне 15 жыл болыпты. Әуелде педагог-психолог маманы болып жұмысқа орналасады. Жас маман түрлі қиындықпен бетпе-бет келетін төтеншеліктерді алдын-ала психологиялық дайындықтан өткізеді. «Айтып келмейтін апатпен «айқасқа» түсетін мамандардың жауынгерлік әзірліктен бөлек, ішкі дайындығы да маңызды рөл атқарады», – дейді ол.

Полиция қызметкері болуды бала кезінен армандаған Айгерім Кенжебай есімді ару – бүгінде Жалағаш ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы, полиция лейтенанты. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, спортқа жаны құмар бойжеткен әлі күнге дейін сүйікті ісінен қол үзбеген.  Дюзодо және самбо күресінен түрлі жарыстарға барып, биіктерді бағындырып жүрген шынашақтай қыз спорт шеберіне үміткер.

– Бұл салада қызмет ету мен үшін үлкен абырой. Бала кездегі арманымның орындалғанына қуанамын. Бір жағынан өзімнің сүйікті спортымнан да ажырамадым. Түрлі жарыстарға қатысуға кедергі жоқ. Қайта басшылық тараптан қолдау көп болады, – дейді А.Кенжебай.

Темір жол саласы – еліміздің экономикасының күре тамыры. Бұл саланың дамуына үлес қосып жүрген арулардың бірі – Кәмила Кенжебекова. «Қызылорда вокзалының» вокзал бойынша кезекшісі болып жұмыс істеп келетініне биыл 6 жыл. Жолаушылардың қауіпсіздігіне асқан жауапкершілікпен қарайтын сала қызметкерлерінің міндеті жеңіл емес. Сырт келбетінен бастап, жүріс-тұрысы, мәдениетті сөйлеуі, әрбір жолаушыға сапалы қызмет көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарды поездың ішіне дейін шығарып салу секілді жұмыстарға айрықша мән беріледі.

– Поездарды күтіп алу, шығарып салу, билек кассирлерінің жұмыс тәртібін тексеру, билет алу кезегін реттеу де вокзал қызметкерлерінің міндетіне жатады. Сонымен бірге, вокзал аумағындағы тәртіптің сақталуы мен қауіпсіздігіне де жауапты, – дейді.

Брифингке келген арулардың қатарында «Қорқыт ата» әуежайының жолаушыларға қызмет көрсету және жүк тасымалдау бөлімінің қызметкері Ғазиза Тайқожа да болды. Сырттан келген жолаушыларды күтіп алу және шығарып салу, жүктерді тіркеу сынды жұмыстарға жауап беретін бойжеткен әуежайда жұмыс істеу үшін қандай оқу орнына түсу керектігі жайлы жастарға кеңес берді.

– Мен өзім Алматыдағы азаматтық авиация академиясынның «Жүк тасымалдау» бөлімін оқыдым. Арнайы стюардессаның мамандығы болмайды. Әр әуежай компаниясы өздерінде конкурс өткізу арқылы дайындайды. Қосымша үш айлық курстан өтеді. Бір ғана талап бар. Ол үш тілде жетік сөйлей білу керек, – дейді ол.

Баспасөз мәслихатының соңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Гүлнұр Бүркітбаева брифинг қонақтары мен журналистерге алғыс хат пен сыйлық тапсырып, аруларды мерекесімен құттықтады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<