Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді

570

0

Қараша айының үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні. Осыған орай Қазалы ауданындағы Р.Бағланова атындағы мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Салтанатты шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтады.

– «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» дейді дана халқымыз. Елдің жағдайын жақсарту мен өнім сапасының жоғары болуы – ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Осы жұмыстарды атқаруда, ауыл шаруашылығын дамыту жолында ауыл еңбеккерлері мен сала мамандарының сіңірген еңбегі зор, – деді аудан әкімі.

Қазалы – ауыл шаруашылығына бейімделген аудан. Ауыл шаруашылық саласының мамандары ауызбіршіліктің, тынымсыз еңбектің арқасында жоғары нәтижеге жетіп келеді.

– Бүгінгі Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде ерен еңбектеріңізге және саланы дамытуға қосып жүрген ерекше үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен табандылықтарыңыз және өз ісіне деген адалдықтарыңыз ең жоғарғы құрмет пен қошеметке лайық, – деді аудан басшысы.

Кәсіби мерекеде ауыл шаруашылығы саласының ардагері Өткелбай Жолмырзаев Қазалы ауданының Құрмет грамотасымен, «Рза – Агро» ЖШС-нің егіс бригадирі Қоңырбай Жасыбай ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, «Мақсатбай» шаруа қожалығының жетекшісі Темірхан Мақсатбаев пен «Кеңесбай» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Кеңесбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бірқатар сала қызметкерлері мен ардагерлерге «Құрметті ардагер», «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісі, Алғыс хаттар табысталды.

Бұл күні ауданның экономикалық көрсеткіштерінің артуына талмай еңбек етіп, табыстың берекесін тасытқан ардагерлер де назардан тыс қалмады.

Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен ардагерлерінің құрметіне аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<