Ережеге бағынатын еңбеккеш жәндік

1624

0

Күнделікті экология, тағам құрамының құнарсыздығы мен сыртқы ортада кездесетін жайсыздық – барлығы дерлік адам денсаулығына кері зиянын тигізеді. Мұндайда ағзаны тек табиғи өніммен қуаттағанға ешнәрсе жетпейді.

Ара балын дастарқанның сәні әрі денсаулыққа таптырмас ем ретінде қолданып келеміз.

Мамыр мен қыркүйек аралығы – араның бал жинайтын уақыты. Бұл кезде осы титтей жәндікті баладай баптап күткендерге тыным болмайды. Кейінгі жылдары омарташылықпен айналысушылар саны артып келеді. Жақында осындай тың кәсіпке жүрексінбей барып, шаруасын дөңгеленткен  омарташы, Сырдария ауданы Шаған ауылының тұрғыны, зейнеткер Мұрат Жартыбаев ағамызбен жүздесудің сәті түсті.

Өзінің бұл кәсіппен айналысқанына он бес жылға жуықтап қалған. Айтуынша, омарташы болу оңай емес. Өйткені ол араларды күтіп-баптаудың ерекше тәсілдерін меңгеруі тиіс. Сондай-ақ, бұл кәсіп ұқыптылық пен ұстамдылықты талап етеді.

Алғашында бұл істің мәнін Александр деген танысынан білген Мұрат аға ойлана келе, бал арасын өсіруді қолға алады. Оның айтуынша, жұмысты омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Оған арналған жер телімі желден қорғалған, құрғақ аумақта болғаны дұрыс. Омартаның айналасына орман немесе ағаш шоғырлары, бау-бақша, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақ қажет.

Орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор.

– Бастапқыда 2 ара отбасын сатып алдым. Қайсыбір істі бастау қашан да қиын. Сондықтан осы кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін адамдармен ақылдасып, кітап оқып, көп ізденуіме, қыр-сырына қанығуға тура келді. Қателіктерімнен үйрендім, солай жұмыстың қызығына беріліп кеттім. Көңілің қалаған кәсіп болған соң ба, бастапқы қиындықтарына мойымадым, – деді кәсіпкер.

Адам өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білсе, жемісті болары анық. Бүгінде табанды еңбегінің арқасында ара отбасын 10 жәшікке жеткізді. Жәшік көбейген сайын табыс та молаяды. Ал бал жинау кезеңінде түрлі шөп өсетін алқаптарға көшіп-қонып жүруге тура келеді.

Гүлден гүлге қонып, нәр жинап жүрген араның еңбекқорлығы орасан. Тіршілігіне мән берсеңіз, темірдей тәртіпті байқайсыз. Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндетін мүлтіксіз орындайды. Бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятынын білетін бе едіңіз? Оларға жатыпішер, бойкүйездер керек емес.

Бір қызығы, ара өте сезімтал және кірпияз болатын көрінеді. Тазалықты сүйеді. Сондықтан ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы өнім аласыз.

Балдың емдік қуаты жоғары. Ол адам ағзасын көптеген дәруменмен, ақуыз, зат алмасудағы түрлі ферменттер және тіршілікке керекті қоректік заттармен байытады. Табиғи өнім болған соң ара балы дәрі жасау мен косметика саласында да кеңінен пайдаланылады. Омарташы болу – бұл өте қайырлы іс. Жесең – денсаулық, сатсаң – ақша.

Олардың ұясына да, өздеріне де сақтықпен қарау керек. Мәселен, аналығын бөлек орналастыру қажет екен. Көп өнім жинау араның денсаулығына, ауа райының жақсы болуына да байланысты.

– Ара 2 жылда қартаяды. Аптасына екі мәрте оларды тексеріп тұрамыз. Кейде араның желкесінде көзге көрінер-көрінбес майда кенелер байқалады. Кене түскен ара аурушаң келетінін ұмытпаған дұрыс. Кейде қанатын қайырып алатын аралар да кездеседі. Негізінен бал арасының 40-50-ге тарта ауруы бар. Сондықтан олардың денсаулығына да мән берген дұрыс, – дейді омарташы.

Күзде аралар біртіндеп ұяларына кіреді. Негізінен 5-6 градус салқынды көтере алмайды. Оның үстіне олар қыста тым әлсіз болады. Ұйқыдағы аралардың қысқы азығы – өз өнімі.

Омарташылар алғашқы балды мамыр айының соңына қарай, одан кейін жантақ гүлдегенде жинайды. Әр аймақтың балы жеріне, өсімдікке байланысты әртүрлі болады. Бүгінде таза әрі пайдалы өнімге жан-жақтан тапсырыс көп. Ауыл, қала тұрғындарынан бөлек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан да сұраныс артып тұр. Бағасы да қалтаға тиімді.

Араны қарауға көп шығын кетпейтінін, тек еңбекті қажет ететінін түсінген Мұрат ағаның ұлы Дәулет әке кәсібін қолға алғалы жүр.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<