Ерлік білек күшімен ғана жасалмайды

445

0

«Батырлар соғыста танылады» деп айту бекер. Батырлық – атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт күнде де ерліктің үлгісін көрсетуге болады. Оны өмірде кездесетін оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалаған қарапайым жандар дәлелдеп жүр. Бойындағы қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған ержүрек жандар баршылық.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыр елі азаматтарының жасаған ерліктері туралы білдік. Сондай азаматтың бірі – қала тұрғыны Бақтияр Оспанов. Ол көршісін өрттен құтқарып қалған.

– Інімнің үйіне қонаққа барғанмын. Подъезге кіре бергенде күйген иіс шықты. Басында мән бермедім. Қайтар кезде үйден шыға бергенде иістің өршігенін байқадым. Әйтеуір бір пәтерде оқыс жағдай болғаны анық. Інім екеуміз подъездегі барлық пәтердің есігін қақтық. Ешкім ашпады. Сонда да тоқтатпадық. Бірінші қабаттағы көршінің есігін ұрып едім, кішкене саңылаудан түтін шыға бастады. Тез арада өрт сөндірушілерді шақырып, әзер дегенде есікті аштық. Үйден ер адам шықты, жалғыз өзі екен. Иістен есеңгіреп қалған. Газ құбырын жауып, өрт сөндірушілер жалынды өшіріп, бір апаттан аман қалдық, – деді ол.

Сондай-ақ, ерлік тек қана ер азаматтардың қолынан келеді деу де қателік. Қарапайым жандарға көмек қолын созғандардың қатарында Қызылорда қоғамдық телеарнасының тілшісі Назгүл Қажытаева да бар.

Оған желіде көмек сұраған жандардан хат келеді екен. Қараша айында қызылордалық тұрғын жақын туысы таңертең үйден шыққаннан кешке дейін оралмағанын хабарлап, жәрдем беруін сұраған. Осылайша Назгүл өзінің парақшасына жариялап, із-түзсіз жоғалған адамды іздеуге атсалысқан.

– Кешкі сағат 19:00 шамасында полиция бөлімшесінен хабарласты. Аталған оқиғаға байланысты тездетіп келуімді сұрады. Көмегім тиер деп бардым. Бөлініп іздеуге шықтық. Біз туысын іздеген әйелмен бірге дарияны жағалап жүре бердік. Бас- аяғы 40 минуттың ішінде жоғалған адамды таптық. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде көмек сұрап хат жазған адамдар қатары көбейді. Бәріне бірдей көмектесе алмасам да, қол ұшын созамын, – деді ол.

Жоғалған адамды судан алып шыққан бойда құтқарушылар тобымен бірігіп, дер кезінде ауруханаға жеткізген. Жағдайға бей-жай қарамай, көмек қолын созған әріптесіміз алғыс білдіретін адамдардың аз емес екенін жеткізді.

Мұндай оқиғаларда ересек адамдардың жанкешті әрекеттері туралы көп естиміз. Десе де, бастауыш сыныпта оқитын оқушының көзсіз батырлығы туралы естідіңіз бе? Қазан айында Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тұрғыны Наурыз Назаровтың үйінде тоқ кернеуінің күшеюінен өрт шыққан. Бұл кезде үлкендер жұмыста болған, үйде 4 бала қалған. Үлкені 2-сынып оқушысы Мерей Бақыт өрт шыққан сәтте қорықпастан бөлменің есігін жауып терезеден бауырларын шығарып алған. Өзінен кіші бауырлары 5, 3 және 1 жаста екен. Сөйтіп көшеге шығып, адамдардан көмек сұраған. Осы кезде ауыл азаматтары дер кезінде келіп, өртті өшіріп, балалардың ата-анасын шақырып, апаттың алдын алған. Осындай қиын сәтте бауырларын өрттен алып шығуы – оқушы қыздың ерлігі. Мерейдің батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Аудан басшылығы да оның қиын сәтте тез шешім қабылдап, 3 бауырының өмірін аман алып қалғаны үшін алғыс айтып, сый-құрмет көрсеткен.

– Мен жақында Астана қаласына арнайы шақыртумен барып қайттым. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев төсбелгі тағып, құттықтады. Мектептегі ұстаздарым мен сыныптастарым да құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Мен өскенде адамдарға көмек қолын созатын дәрігер болғым келеді, – деді Мерей.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<